ГАЗДАНДЫРУ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАБУДА

0

Әңгімені әріден бастасақ… Тоғыз жолдың торабынан орын тепкен Қордай ауылы еліміздің аумағында алдыңғылар қатарында газдандырылған елді мекен. Алайда, құрамына 19 округ, 41 ауыл кіретін ауданда газдандыру мәселесі күні кешеге дейін өзектілігін жоғалтқан емес. Өткенге көз салсақ, 2012-2014 жылдары тек Қордай, Әлжан ана, Степное, Арал, Қалғұты, Жамбыл, Жаңатұрмыс, Бетқайнар, Қақпатас, Беріктас, Сарыбұлақ және Қайнар ауылдары көгілдір отынмен қамтылып (68 734 адам), өзге ауылдарды газдандыру мәселесі тұралап қалғанын байқауға болады. Дейтұрғанымен, биыл Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен бұл бастама қайта жанданып, қазіргі таңда Қаракемер, Өтеген, Қарасу, Қызылсай, Күнбатыс-1, Күнбатыс-2, Масаншы, Сортөбе, Бұлар батыр, Ауқатты ауылдарына 73 шақырымдық магистральды газ құбыры жүргізіліп, жұмыс бел ортасынан асқан. Нәтижесінде «колхоз» аймағындағы алпыс мыңнан астам тұрғын, жеті мыңнан астам аула санаулы күнде көгілдір отынмен қамтылмақ. Мамандардың мәліметінше, мұнда тұрғындардың қатысуымен бірнеше мәрте кездесу өткізіліп, ауылішілік желілерді жүргізетін 4 мердігер анықталған. Бүгіннің өзінде олар аталмыш аймақ халқының тең жартысына жуығымен келісім шарт түзіп үлгеріпті. Айта кетсек, газға қосылудың құны 350 мың теңге. Бұл сомаға монтаждау жұмыстары мен құжаттарды дайындау мәселесі (жобасы, эскизі, сызбасы, топографиялық түсірілімі, техникалық шарттары) кіретіні белгілі болды. Жобаның жалпы құны 5,6 млрд теңгені құрайды.

Дәл осындай қуанышты жаңалық «отар» аймағында да орын алғалы отыр. Мұнда жыл соңына дейін тағы 12 елді мекен, яғни Соғанды, Алға, Көгадыр, Мұзбел, Кенен, Үлкен Сұлутөр, Сұлутөр, Көктөбе, Отар, Гвардейский, Аңырақай және Бел ауылдары толықтай газдандырылмақ. Қазіргі таңда мердігер компания анықталып, 175 шақырымдық магистральды газ құбырын тарту жұмыстары жүруде. Жобаның сметалық құны 4 млрд теңгеден асса, тағы 1 млрд теңгеге автоматтандырылған газ тарату стансасы салынып, жалпы құны 5,2 млрд теңгені құрамақ. Аталмыш жұмыстар ойдағыдай іске асқан жағдайда тағы 17 мыңнан астам азамат көгілдір отынға қол жеткізіп, Қордай ауданының 94,8 пайыз тұрғыны (146 612 адам) газбен қамтамасыз етіліп, газдандырылған елді мекендер саны 34-ке жетпек. Осы орайда ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты Гвардейский қалашығындағы 21800 әскери қызметші сала басшылығы тарапынан газбен қамтылатынын да айта кеткен жөн.

 

Әлібек ОСПАНОВ

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.