Қордай аудандық орталық кітапханасының «Коворкинг» орталығында 31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне қарай «Қасіретті жылдар жаңғырығы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге ХХ-ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, жаппай жазалаудың сол бір қиын-қыстау кезеңдегі тағдырлары тәлкекке түскен саяси қуғын-сүргін құрбандары және ашаршылық тарихы туралы кітаптар қойылды.
Көрменің мақсаты — саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу және оқырманды олардың өмір жолдарымен тереңірек таныстыру, өткен тарихымыздан тағылым ала отырып, бүгінгі ұрпаққа әр кітап арқылы өнегелі тәрбие беру, оларды Отанын сүюге, елінің, жерінің патриоттары болуға баулу, олардың санасына тарихи шындықты жеткізу.
Көрмедегі «Ұлы тұлғалар» ғылыми-ғұмырнамалық сериясы бойынша шыққан «Тұғыры биік тұлға» кітабы халқымыздың көрнекті қоғам қайраткері, ғалым, жаратылыстанушы, дәрігер Халел Досмұхамедұлына арналады. Биыл Алаш қозғалысының қайраткеріне 140 жыл толып отыр. Соған орай 2023 жылдың 28 сәуірінде облыстық «Ар-ай» газетінде «Халқы үшін құрбан болған Халел» атты мақала жарық көрді.
«Қайта оралған қаламгер» кітабы халқымыздың көрнекті қоғам қайраткері, ғалым, жазушы Жүсіпбек Аймауытұлы туралы, ал «Елім деп соққан ұлы жүрек» кітабы ағартушы, публицист Міржақып Дулатұлына арналған.
«Аманаты Алаштың. Балаларға арналған энциклопедия» қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күрескен Алаш қайраткерлерінің ерен еңбегін жастарға үлгі ету мақсатында дайындалған. «Әулие-ата өңіріңдегі ашаршылық» атты жинақта архив қорларынан табылған материалдармен қатар Әулие-Ата өңіріндегі нәубетті жылдардың куәгерлері болған қариялардың естелік-әңгімелері, фотосуреттер, тарихи деректер негізінде басылып шыққан. Сонымен қатар көрмеде әртүрлі құнды әдебиеттермен қатар баспасөз беттерінен материалдар ұсынылуда. Бұл көрменің бір бөлігі ғана. Келіп көремін деушілер үшін көптеген құнды мағлұматтар бар.
ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін – мыңдаған жазықсыз адамдардың қаны мен көз жасына суарылған тарихымыздың шерлі беттерінің бірі болып саналады. Біздің ендігі жердегі борышымыз – осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімдерін ұмытпау, оларды мәңгі есте сақтау.
Ұ.ДЖАНҰЗАҚОВА, Қордай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің библиографы