БЕРЕКЕНІҢ БАСТАУЫ – ЫНТЫМАҚ

0

Қазақ халқы – салт-дәстүрге бай халық. Жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпайтын халқымыздың ежелден ел бірлігін, ынтымағын, жомарттығын паш ететін игі дәстүрлері көп болған. Соның бірі – асар. Соңғы уақытта осы керемет дәстүр Қордай ауданында жаңғыртылып, нәтижелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осыған дәлел ретінде 15 ақпан күні Сарыбұлақ ауылында бір отбасы баспаналы болды.

Бұл күні Сарыбұлақ ауылдық мәдениет үйіне тұрғындар ерте  жиналды. Олар ауылдық округ әкімдігі ұйымдастырған іс-шара барысында баспанаға мұқтаж болған отбасыға тұрғын үйдің кілтін табыстау рәсімін тамашалап, баспаналы болған жанға қолдау көрсетті. Қуаныш иесі – жалғызбасты ана Бағдагүл Жаймаханова. Бір өзі үш баласын тәрбиелеп келеді. Жиылған жұрт ең алдымен игі іске атсалысқан азаматтардың есімін атап, оларға ізгі тілектерін жеткізді. Ауыл әкімі Бағдәулет Садырбаев қайырымдылық шарасының барысын баяндап, осы сәтті пайдаланып жиында отырған Ауған соғысының ардагерлеріне құттықтау сөзін арнады. Ал, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Мықтыбек Алтыбаев болса сауапты істі атқарған азаматтардың ауызбіршілігін, жомарттығын атап өтіп, батасын берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.