АУҚАТТЫ АУЫЛЫНЫҢ ӨНЕРПАЗДАРЫ

0

Ауқатты ауылдық округі жұмысшы мамандықтар жылына арналған фестивальді жалғастырды

2025 жыл — елімізде Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланғаны белгілі. Осыған орай, Қордай ауданында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда. Солардың бірі — аудандық деңгейде қолға алынған «Адал еңбекпен – жарқын болашаққа!» атты фестиваль.

Бұл жолы аталмыш фестивальді Қордай ауданының Ауқатты ауылдық округі жалғастырып, Қордай ауылының орталық саябағында кең көлемде шара өткізді.

Фестивальдің басты мақсаты — жұмысшы кәсіптерінің қоғамдағы беделін арттыру, еңбек адамына деген құрметті күшейту, сонымен қатар жастар арасында қол еңбегіне деген оң көзқарас қалыптастыру.

Ауқатты ауылдық округі бұл шараға үлкен жауапкершілікпен қарап, тұрғындар мен қонақтарға тағылымды әрі талғамды бағдарлама ұсынды.

Шара барысында ауыл тұрғындарының негізгі күнкөріс көзі болып саналатын кәсіп түрлерін қамтитын көрме ұйымдастырылып, қолөнер бұйымдары, ауылшаруашылық өнімдері көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, ұлттық тағамдардан дәм ұсынылып, қонақтар қазақ және дүнген ұлтының бай дастарханымен танысты.

Мәдени бағдарлама да назардан тыс қалмады. Ауыл өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, еңбек адамын ұлықтаған театрландырылған қойылымдар қойды.

Осындай мазмұнды іс-шаралар арқылы еңбек адамының қоғамдағы орны, оның қадірі мен маңыздылығы тағы бір мәрте айқын көрініс тапты. Ауқатты ауылдық округінің ұйымдастыруымен өткен фестиваль тұрғындарға ерекше әсер қалдырып, еңбекке деген ынтаны оятты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.