Елімізде 2025 жыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланғаны белгілі. Осыған орай ауданымызда аталмыш жылды дәріптеу мақсатында ауылдық округтер арасында бастау алған өнер фестивалі жалғасын табуда.
Бұл жолы фестивальдің өткізу мәртебесі ынтымағы мен еңбегі жарасқан Сарыбұлақ ауылдық округіне табысталды. Жұма күні аудан орталығындағы «Жасыл» саябақта Республика күніне арналып өткен кеш ерекше рух пен көтеріңкі көңіл күйде өрбіді.
Фестивальдің салтанатты ашылуында округ әкімі Бахтияр Абенов сөз сөйлеп, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жүзеге асып жатқан шаралардың маңызына тоқталып, еңбек адамын ұлықтаудың қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті. Сондай-ақ, қатысушылар мен қонақтарға шығармашылық табыс пен сәттілік тіледі.
Кештің мазмұнды өтуіне ауыл өнерпаздары, әкімдік аппаратының қызметкерлері және ауыл жастары белсене атсалысты. Шара барысында «Жұмысшы мамандықтар жылы» тақырыбында көрме ұйымдастырылып, ұлттық ойындар мен дәстүрлі өнер түрлері көрермен назарына ұсынылды.
Кеш қонақтары – Тараз қаласынан арнайы келген «Жалын» тобының өнерпаздары көрермендерге керемет көңіл күй сыйлап, мерекелік кештің шырайын арттыра түсті.
Айта кетейік, арнайы құрылған әділқазылар алқасы жыл соңында фестивальдің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтайтын болады.