13 қараша күні Қордай аудандық Мәдениет үйінде «Ұлттық музыка – той сәні мен рухани үйлесім» атты аудандық форум өтті. Бұл форумның басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды сақтау, қазақы той мәдениетін заман талабына сай қалыптастыру, сондай-ақ қоғамда жиі кездесетін дарақылық пен ысырапшылдықтың алдын алу болды.
Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет модераторлық еткен шараға Жамбыл облыстық «Асабалар алаңы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ринат Нұрақбаев, облыстық ардагерлер кеңесі төралқа мүшесі Қасымхан Төлендиев, аудандық мәслихат төрағасы Нурдин Садыков, аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай және тойхана иелері, учаскелік полиция инспекторлары, асабалар, ардагерлер кеңесі, әкелер, билер, аналар кеңесі, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Тағылымы мол басқосудың шымылдығы Жамбыл облыстық «Асабалар алаңы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ринат Нұрақбаевтың сөзімен ашылды. Ол өз баяндамасында ұлттық музыканың той мәдениетіндегі маңызына тоқталып, қазіргі таңда қазақы дәстүрдің кей тұстарда ұмытылып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.
Келесі сөз кезегін облыстық ардагерлер кеңесі төралқа мүшесі Қасымхан Төлендиев алып, той мәдениетіндегі ысырапшылдық пен даңғазалық мәселелеріне тоқталды. Ол жастардың ұлттық дәстүрге деген құрметін арттыру үшін отбасы мен қоғамның бірлесіп жұмыс істеуі қажет екенін атап өтті.
Форум барысында «Асабалар алаңы» қоғамдық бірлестігінің Қордай аудандық филиалының төрағасы Еркінбек Құттықов та өз ойын ортаға салды.
«Қазақтың тойы – бірліктің, ынтымақтың, елдік пен рухтың айғағы. Сол тойдың сәнін келтіретін, жұрттың қуанышын еселейтін – асабалар қауымы. Біз тек күлдіріп, көңіл көтеріп қана қоймай, ұлттық дәстүр мен мәдениеттің елшісіміз. Әр сөзіміз, әр ісіміз арқылы ұлттың рухын биіктетеміз», — деді ол.
Сондай-ақ Еркінбек Құттықов соңғы жылдары тойларда шетелдік әуендер мен заманауи ырғақтардың басымдық алып бара жатқанын атап, төл өнерге қайта бет бұрудың маңызын айтты.
«Той сахнасында домбыраның үні мен қазақтың қара өлеңі қайта жаңғыруы тиіс. Себебі нағыз рухани үйлесім – өзіміздің төл мәдениетімізде, — деп түйіндеді ол сөзін.
Форумда сондай-ақ асаба Жамбыл Нұрғалиев тәжірибесімен бөлісіп, асабаларға қойылатын мәдени және моральдық талаптарға тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі асабалар тек жүргізуші емес, халықтың алдында тұрған мәдени тұлға болуы тиіс.
Жиын соңында аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов қорытынды сөз сөйлеп, форумның маңыздылығына тоқталды.
«Қазіргі таңда мағынасы терең қазақы ән-күйдің орнын жеңіл-желпі, мағынасы саяз әуендер басып бара жатқанын байқаймыз. Мұндай үрдіс ұрпақ тәрбиесіне де, рухани мәдениетімізге де өз әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан бүгінгі форумның маңызы ерекше. Той тек көңіл көтеретін емес, рухани тәрбие мен мәдениеттің көрінісінің алаңы болуы тиіс. Ұлттық музыка – біздің жүрегіміздің үні, халқымыздың рухани коды. Сол себепті той мәдениетінде домбыраның, қобыздың, дәстүрлі ән мен терменің үні өшпеу керек»,- деді ол.
Осыдан кейін Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет аудан ардагерлері атынан арнайы Үндеуді оқып берді. Онда қоғамдағы той мәдениетіне қатысты өзекті мәселелер мен оны түзетуге бағытталған нақты ұсыныстар қамтылған.
Үндеуде:
1.Тойды мүмкіндігінше күндіз және спирттік ішімдіксіз өткізу;
2.Тойды уақытында, яғни кешкі 18:00-ден асырмай бастау;
3.Той иелерінің қонақтармен суретке түсу, құттықтау қабылдау сияқты рәсімдерді той басталудан бұрын өткізуі;
4.15-20 адамның сахнаға шығып, ұзақ құттықтау айту дәстүрін қысқарту;
5.Асаба мен әнші таңдауда жергілікті өнерпаздарға басымдық беру, сырттан қымбат жұлдыз шақырмау ұсынылды.
Ардагерлер кеңесі атынан оқылған бұл Үндеу көпшіліктің қолдауына ие болды.
Форум соңында қатысушылар көтерілген мәселелердің барлығы аудан көлеміндегі мәдени саясатты жетілдіруге, ұлттық өнер мен дәстүрді сақтау бағытындағы жұмыстарға тың серпін беретініне сенім білдірді.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ