БЕКЗАДА ӨНЕРДІ БЕК ҰСТАНҒАН

0

Тазы иттері – қазақ халқының ұлттық байлығы, мәдениетінің ажырамас бөлігі болып саналатын ерекше аңшылық иттер. Ерте заманнан бері көшпенді халық үшін тазының орны ерекше. Ол тек малшылықтың көзі ғана емес, сонымен қатар қазақ халқының өмір салтына, дәстүрлеріне, тіпті байлығына да тікелей байланысты болған.

Наурыз мерекесі қарсаңында Бетқайнар ауылына барғанымызда, біз Мұхтар Исмаиловпен танысып, тазы өсіру туралы әңгімелесуге мүмкіндік алдық. Мұхтар Ақанұлы – осы ауылдың тумасы, жастайынан сүйікті жануары тазы иттерін баптап, өсірумен айналысуда. Кейіпкеріміз, тазының мәдениетіміз бен ұлттық құндылықтарымыздағы маңызын жете түсінеді, және оны әрдайым дамытуды мақсат етіп қойған.

«Мен бала күнімнен осы тазыға құмармын. Кезінде әкем мені ат баптап, ит жүгіртуге үйрететін. Ол кісіге қарап, жаттыққан иттерді көріп, мен де өзімнің тазыма деген қызығушылығымды дамытуға тырыстым», — дейді Мұхтар Исмаилов.

Бала кезінен тазы өсірумен айналысып жүрген кейіпкеріміз, атадан балаға мирас болған саятшылық өнерден қол үзбей жүрген жігіт ағасы. Үлкендерден көріп өскеніндей, құмай тазыны жеті қазынаға жататын құндылығымыз деп үнемі дәріптеп жүреді.

Мұхтар аға үшін тазы өсіру – күнделікті өмірінің бір бөлігі, сонымен қатар, ұрпақтан-ұрпаққа берілген қазақтың бірегей дәстүрін жалғастыру болып табылады. Тазы иттері қазақ халқының мал шаруашылығында, аңшылықта, тіпті отбасылық өмірде де маңызды рөл атқарады. Кейіпкеріміз, тазының тек аңшылықта жүргенде ғана емес, күнделікті өмірде де адамға бағынышты, адал және байсалды жануар екендігін атап өтті. Сонымен қатар, тазының тамақтануына, баптауына байланысты да өзіндік шарттар мен талаптар бар, оларды әрдайым сақтауға тырысады.

Халқымыз үшін құмай тазы – тектіліктің белгісіндей. Жүгіртсе – желмен жарысқан, ал аңға салса – аузын майлаған тазы итінің қасиетіне кім болса да тамсанады.

Мұхтар ағаның ұлттық дәстүрді жалғастыруы халқымыздың тарихына, мәдениетіне, әрі асыл мұрамызға сыйластықтың белгісі.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.