Журналистің қоғамдағы рөлі

0

Қазіргі таңда ақпарат қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Әлемде болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтар секунд сайын таралып жатқан кезеңде журналист мамандығының маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Журналист – тек ақпарат жеткізуші ғана емес, ол қоғамдық пікір қалыптастырушы, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтушы және елдегі маңызды мәселелерді көтеруші тұлға. Яғни, журналистика – үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық.

Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы рөлі айрықша. Газет, теледидар, радио және интернет ресурстары азаматтарды маңызды ақпаратпен қамтамасыз етіп қана қоймай, елдегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайтуға да ықпал етеді. Әсіресе, жалған ақпараттың таралу қаупі күшейген қазіргі кезеңде кәсіби журналистиканың маңызы артып отыр. Өйткені тексерілген әрі сенімді ақпарат қана қоғамның дұрыс бағдар ұстануына мүмкіндік береді.

Ғасырға жуық тарихы бар «Қордай шамшырағы – Кордайский маяк» қоғамдық-саяси газеті аудан тұрғындарын маңызды жаңалықтармен қамтамасыз етіп, өңірдің тыныс-тіршілігін жан-жақты жариялап келеді. Басылым беттерінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, білім, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және қоғамдық өмірдің өзге де салалары тұрақты түрде көрініс табуда. Газет ұжымы әрқашан оқырман сенімін басты құндылық ретінде бағалап, халыққа сапалы әрі шынайы ақпарат ұсынуды негізгі міндеті санайды.

Бүгінде редакция ұжымы дәстүрлі баспасөзбен қатар цифрлық ақпарат кеңістігінде де белсенді жұмыс жүргізуде. Газеттің ресми әлеуметтік желі парақшаларында аудан жаңалықтары тұрақты жарияланып, бейнематериалдар мен арнайы репортаждар кең аудиторияға ұсынылуда. Бұл өз кезегінде ақпараттың қолжетімділігін арттырып, тұрғындармен жедел байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

Әлеуметтік желілер арқылы аудан тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді, ұсыныстары мен өтініштерін редакцияға жолдайды. Редакция ұжымы келіп түскен әрбір мәселені назардан тыс қалдырмай, тиісті мекемелер мен жергілікті атқарушы органдарға жеткізуге ықпал етеді. Нәтижесінде көптеген өзекті мәселелердің оң шешімін табуына мүмкіндік жасалып, тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалогтың қалыптасуына жағдай туғызылуда. Бұл бұқаралық ақпарат құралының қоғамдағы маңызды қызметтерінің бірі екендігін көрсетеді.

Журналистің қоғамдағы рөлі уақыт өткен сайын жаңарып, жаңа міндеттермен толығып келеді. Алайда оның негізгі миссиясы өзгермейді. Ол – халықтың үні, қоғамның айнасы, әділдік пен ашықтықтың жаршысы. Сондықтан журналистика саласында еңбек ететін әрбір маман кәсіби біліктілікпен қатар жоғары азаматтық жауапкершілікті де ұстануы қажет.

Қоғамның дамуы мен елдің өркендеуінде журналистердің еңбегі ерекше. Олар күн сайын ақпарат кеңістігінің сапасын арттырып, тұрғындардың көкейіндегі мәселелерді көтеріп, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға қызмет етеді. Сондықтан журналист мамандығы қашанда құрметке лайық, ал оның қоғам алдындағы жауапкершілігі әрдайым жоғары болып қала береді.

Шолпан Сабанова, «Қордай шамшырағы – Кордайский маяк» қоғамдық-саяси газетінің директоры — бас редакторы

Leave A Reply

Your email address will not be published.