Газет – уақыт құжаты

0

Бірде майдангер жайлы мақала жаздым. Әдетте, мұндай тақырыпта материалдар жинақтау оңай емес, мұны баспасөз қызметкерлері жақсы біледі. Бұндайда нақты әрі шынайы ақпарат болу керек. Қаһарман жауынгердің қызымен кездестім. Ол ондаған жылдар бойы отбасылық мұраны жинақтап, батыр әкесі жайлы ақпаратты сақтап келеді екен. Мұқият бүктелген конвертті алып, маған ұсынды. «Өкінішке орай, естелікке қалғаны осылар ғана. Суреттері сақталмапты, әкемнің де дүниеден озғанына көп болды. Көрем десеңіз газет қиындылары мінекей, нақты мәліметтер осында жазылған, — дейді кейуана. – Біздің отбасымыз үшін баға жеткісіз дүние – әкеміз бен атамыз жайлы, еңбек жолы мен ерлігі туралы мәліметтер осы газеттерде сақталған. Бірнеше көшірмесін жасатып қойым. Бір данасын көп жылдан бері шет елде жұмыс істеп, сонда тұрып жатқан менің балам алып кетті. Ұрпақтары сұрапыл соғыс аласында жауға қарсы ерлікпен шайқасқан аталары туралы ұмытпауы керек қой».

Қолымдағы газет қиындыларын көргенде өз өзіме сене алмадым. Олар «Қордай шамшырағының» осыдан 30-40 жыл бұрынғы жарияланған мақалалары екен. Бұл тұста «Қазақ журналистері» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен кездескендегі тілші ағамыздың сөзі есіме түсіп кетті: «Газет – уақыт құжаты емес пе. Ал аудандық газет – ақпараттың алтын бұлағы. Бір кездері мақақалары оймақтай, таптырмас тақырыптарымен оқырманның сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген әріптесімізден сұраған едік: «Осы дәл өзіңіздікіндей мазмұнды материал жазудың сыры неде?». «Сіз білесіз бе, мен бірде-бір аудандық газетті мүлт жібермей, бәріне жазылып, тұрақты оқып отырамын, — деп жауап атты әлгі әккі тілші сол мезетте. — Мен үнемі жергілікті басылымдардан ақпарат аламын. Олар бірегей әңгімелер, ашық сұхбаттар және ірі ұлттық басылымдарға сирек енетін жергілікті қауымдастық туралы шынайы ақпарат іздейтіндер үшін нағыз қазына».

Цифрлық кеңістік жедел дамыған заманда да баспасөз өзінің беделі мен адамдардың өміріне ықпалын жоғалтпайтыны рас. Майдангер қызының оқиғасы көптеген осы іспеттес дәлелердің бірі ғана. Бүгінде ақпарат кез-келген дерлік байланыс арналарынан ағылуда, оның ішінде әлеуметтік медиа, интернет, теледидар, видеоблогтар дейсің бе, бәрі де қолжетімді болғанына қарамастан, адамдар әлі де сенімді фактілер үшін газеттерге жүгінеді. Өйткені баспасөз тексерілген әрі шынайы ақпараттың негізі болып қала береді.

«Қордай шамшырағы – Кордайский маяк» газеті Жамбыл облысының ең іргелі басылымдарының бірі екені баршаға аян. 94 жылдан бері газет қордайлықтардың жетістіктері мен мұң-мұқтажы, тарихы мен келешегі, бүгінгісі мен шынайы тыныс-тіршілігі жайлы үздіксіз жазып келеді… Тағы бір айтайын дегенім, бастапқыда «Бригада» деген атаумен жарыққа шықақан біздің газеттің ең алғашқы нөмірлері сонау Мәскеудегі мемлекеттік архивте сақтаулы тұр. Бүгінгі таңда да солай, кезекті газет басылып оқырманға жол тартқан сәтте бір данасы мемлекеттік архивтерге де жөнелтіледі. Бұл факт баспасөздің құны мен маңызын дәлелдейді емес пе.

Жыл сайын газетіміздің шамамен 102 нөмірі жарыққа шығады, олардың әрқайсысында кем дегенде 15 авторлық қайталанбас мақалалар жарияланады. Оларды жазып отырған біздің шағын ұжым. Яғни, газетті жасанды интеллект емес, адамдар жазады және адамдар үшін жазады.

Редакцияда мәтін жазудан бөлек, оқырмандарға мүлдем көрінбейтін басқа да көптеген процестер жүріп жатады. Мәтін жазу жеткіліксіз, оны оқырманға жеткізе алатындай жақсы жазылғаны маңызды. Әрбір туынды мұқият тексеруден өтеді. Ал, екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде бірдей жарыққа шығатын санаулы БАҚ-тың бірі ретінде автордың журналистік көзқарасын дәл әрі сауатты жеткізу үшін материалдарымыздың аудармасына ерекше мән береміз.

Газеттің маңызы қашанда қалады, ол оқырмандар мен билік арасындағы нақты ақпаратты көрсететін бірегей байланыс арнасы болып қала бермек. Біз өз жұмысымызды жалғастырып – аймақта болып жатқан оқиғалар туралы байыппен, кәсібилікпен әрі шынайы жеткізіп келеміз.

«Қаламмен жазылғанды балтамен шауып тастай алмайсың» — жазылған сөздің, құжаттың немесе қағазға түскен мәліметтің мәңгілік екенін, оны күшпен немесе жою арқылы естеліктен өшіре алмайтыныңды білдіретін терең мағыналы нақыл сөз бар. Әлеуметтік желідегі немесе сайттағы мәтінді өшіруге де, өзгертуге де болады, ал газеттің бір парағы ғасырлар бойы сақталады.

Анжела ИЗАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.