Жаңа мұсылман зираты пайдалануға берілді

0

Қарасу ауылында көптен бері тұрғындарды толғандырған өзекті мәселенің бірі оң шешімін тапты. Елді мекенде жаңа мұсылман зираты пайдалануға беріліп, бүгінде тұрғындарға жерлеу орындары бөлінуде.

Аумағы 3,5 гектарды құрайтын жаңа бейіт ауыл халқының сұранысына сәйкес ашылды. Мұнда мұсылмандық дәстүрге сай жерлеу рәсімдерін өткізуге қажетті жағдайлар қарастырылған.

Аталған жоба ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі мен жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ демеушілердің қолдауының нәтижесінде жүзеге асты. Бұл бастаманың басы-қасында жүрген Қарасу ауылдық ақсақалдар алқасының өкілі Дау Хурман жаңа зираттың ашылуына дейін бірқатар ұйымдастыру жұмыстары атқарылғанын айтты.

«Бұл мәселе бірнеше ай бойы жан-жақты талқыланды. Тұрғындармен ақылдасып, жергілікті әкімдікпен бірнеше мәрте кездесу өткіздік. Алғашында жаңа жер алу мәселесінде бірқатар қиындықтар мен қаржылық мәселелер болды. Бірақ ауыл тұрғындарының жігері мен сенімінің арқасында бұл қиындықтардан өтіп, жобаны жүзеге асыруға қол жеткіздік», — дейді ол.

Оның айтуынша, жаңа зиратта тек жерлеу ғана емес, жерлеу рәсімдерін өткізуге, ғұрыптарды орындауға арналған барлық жағдайлар ескерілген.

«Бұл жерде мұсылмандық ғұрып бойынша жерлеу толықтай орындалады. Қасиетті амалдар ата-бабаларымыздан қалған салтпен жүзеге асады. Сондай-ақ аумақты күтіп-ұстау, абаттандыру және тазалығын сақтау жұмыстары да тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. Бұл – ауыл тұрғындары үшін рухани естелік, құрметтің белгісі», — дейді ақсақал.

Сонымен қатар, ол ауыл тұрғындарының әрі демеушілердің үлкен қолдауын ерекше атап өтті.

«Бұл іске ауыл тұрғындары бір кісідей атсалысты, демеушілердің қолдауы болмаса, барлық жұмыстарды жоспарлағандай сапалы жүргізу қиын болар еді. Қазіргі кезде рухани құндылықтарды сақтау және дамыту мәселесі бәрінен де маңызды», — дейді Дау Юнусович.

Жаңа мұсылман зиратының пайдалануға берілуі – Қарасу ауылының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі. Енді ауыл тұрғындары туған-туыстарын мұсылмандық дәстүрге сай туған жерінде жерлеп, азаматтық әрі рухани парызын өтеуге мүмкіндік алады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.