Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбековтің тапсырмасы негізінде Қордай ауылының «Болашақ» ықшам ауданында орналасқан балалар ойын алаңы жаңғыртылып, мүлде жаңа кейіпке енді.
Уақыт өте келе тозып, пайдалануға жарамсыз болып қалған ойын құрылғылары толықтай алынып, олардың орнына заманауи талаптарға және қауіпсіздік стандарттарына сай жаңа ойын элементтері орнатылды.
Қазіргі таңда бұл алаңша балаларға қауіпсіз әрі жайлы демалыс кеңістігіне айналды. Ойын құрылғылары заманауи технологиялар мен сапалы материалдардан жасалып, бүлдіршіндердің денсаулығы мен қауіпсіздігі басты назарға алынды. Сонымен қатар, алаң аумағы абаттандырылып, айналасы көгалдандырылып, суару жүйесімен қамтамасыз етілді. Бұл өз кезегінде ойын алаңының көркін арттырып, тұрғындардың жайлы демалуына қолайлы жағдай жасады.
Қордай ауылының тұрғындары мен қонақтары үшін жаңартылған алаң отбасы мүшелерімен және балалармен уақытты қызықты әрі қауіпсіз өткізетін сүйікті орындардың біріне айналары сөзсіз.
Әкімдік тарапынан жүзеге асырылып жатқан осындай игі бастамалар ауылдағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды жұмыстардың бірі болып табылады. Ойын алаңының қайта жаңғыртылуы – тек ауылдың ғана емес, ауданның жалпы дамуының жарқын көрінісі.
Айта кетейік, аталған ойын алаңын жаңғырту жұмыстарының басталғаны туралы газетіміздің өткен санында кеңінен жазған болатынбыз. Бұл жолы оқырман назарына жаңартылған нысанның бүгінгі келбеті мен атқарылған жұмыстардың нәтижесін ұсынып отырмыз.
Бұл – балалардың жарқын балалық шағына, қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталған тағы бір маңызды қадам екені анық.