Қордай ауданының Бетқайнар ауылында дүниеге келген Тимур Кимнің өмір жолы – ұлттық өнерге деген құрмет пен Отанға адал қызметтің үйлесімді үлгісі. Ол бала күнінен домбыраның қоңыр үніне құлақ түріп өсіп, қазақтың бай мәдениеті мен салт-дәстүріне ерекше ықылас танытты.
Өнерге деген құштарлығы оны Мұқан Төлебаев атындағы өнер мектебіне жетеледі. Осында ол домбыра өнерінің қыр-сырын меңгеріп, ұлттық музыканың терең әлеміне бойлады. Ұстаздарының тәлімін бойына сіңірген Тимур аз уақыттың ішінде түрлі деңгейдегі өнер байқауларына қатысып, аудандық, облыстық және республикалық додаларда жүлделі орындарды иеленді.
Домбыра оның қолында халқымыздың рухын, тарихын және ұлттық болмысын жеткізетін асыл мұраға айналды. Әр орындаған күйі арқылы ол көрерменнің ықыласына бөленіп, қазақтың төл өнерін насихаттауға өзіндік үлесін қосып келеді.
Тимурдың өмір жолы тек өнермен ғана шектеліп қалмады. Бүгінде ол мемлекеттік шекара қызметінде абыроймен еңбек етіп, ел тыныштығы мен мемлекеттік шекараның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қызмет атқаруда. Бұл – жоғары жауапкершілік пен үлкен сенімді талап ететін мәртебелі міндет.
Әскери қызметтің қатаң тәртібі мен өнердің нәзік әлемін қатар алып жүру – кез келгеннің қолынан келе бермейді. Тимур осы екі қасиетті ұғымды ұштастырып, бір жағынан ұлттық өнерді дәріптесе, екінші жағынан Отан алдындағы азаматтық борышын адал орындап келеді.
Қазақстанда түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында татулық пен келісімде өмір сүріп келеді. Сол бірліктің айқын айғағының бірі – Тимур Ким. Ол қазақ халқының тіліне, мәдениеті мен салт-дәстүріне ерекше құрметпен қарап, мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуді азаматтық жауапкершілігі санайтын жас жігіт елдегі қоғамдық келісім мен өзара сыйластықтың берік негізін ісімен дәлелдеп жүр.