Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы А.Сырлыбаевпен сұхбат.
– Шетелде жүрген Қазақстан азаматтары дауыс бере ала ма?
– Иә, әрине. Шетелде тұрақты тұратын немесе ұзақ мерзімді іссапарда жүрген Қазақстан Республикасының азаматтары жарамды Қазақстан Республикасы паспорты болған жағдайда дауыс бере алады. Олар Қазақстан Республикасының елшілігі немесе консулдығы жанынан құрылған сайлау учаскесіне барып, өз таңдауларын жасайды.
– Ал шетелге демалысқа, жұмыс бабымен немесе жеке шаруамен барып жүрген азаматтардың дауыс беру мүмкіндігі бар ма?
– Иә. Олар да конституциялық дауыс беру құқығына ие. Ол үшін Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі жанындағы учаскелік сайлау комиссиясына барып, жарамды Қазақстан Республикасы паспортын көрсетуі қажет. Осыдан кейін олар сайлаушылар тізіміне енгізіліп, дауыс бере алады.
– Шетелдегі сайлау учаскелерінің мекенжайын қайдан білуге болады?
– Бұл ақпарат Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының ресми интернет-ресурстарында жарияланған. Сондықтан азаматтарға өздері болатын елдегі сайлау учаскесінің мекенжайын алдын ала анықтап алған жөн.
– Денсаулығына байланысты немесе өзге де себептермен сайлау учаскесіне бара алмайтын азаматтар қалай дауыс береді?
– Мұндай азаматтардың да дауыс беру құқығын қамтамасыз ету үшін барлық жағдай қарастырылған. Егер сайлаушы денсаулық жағдайына байланысты келе алмаса, науқас туысын күтіп отырса немесе сайлау учаскесі жоқ шалғай елді мекенде тұрса, ол өзінің орналасқан жерінде дауыс бере алады.
– Ол үшін қандай әрекет жасау қажет?
– Сайлаушы сайлау күні, яғни 23 тамызда, жергілікті уақыт бойынша сағат 12:00-ге дейін өзі тіркелген учаскелік сайлау комиссиясына жазбаша өтініш беруі тиіс. Өтініш негізінде комиссия мүшелері сайлаушының тұрған жеріне барып, дауыс беру рәсімін ұйымдастырады.
– Дауыс беру процесі қалай жүзеге асырылады?
– Алдымен учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі сайлаушының жеке басын куәландыратын құжатын тексереді. Одан кейін сайлау бюллетенін береді. Сайлаушы бюллетеньді алғанын қол қою арқылы растап, өз таңдауын жасайды. Комиссия мүшелері заңда көзделген барлық рәсімдерді сақтай отырып жұмыс жүргізеді. Ең бастысы – сайлаушының еркін білдіру құпиясы толық қамтамасыз етіледі.
– Сайлаушыларға айтар тілегіңіз?
– Сайлау – әрбір азаматтың конституциялық құқығы әрі елдің болашағына ықпал ететін маңызды саяси науқан. Сондықтан барша аудан тұрғындарын сайлауға белсенді қатысып, азаматтық ұстанымдарын білдіруге шақырамын.
Жаңару үшін дауыс беріңіз!