Мол өнім — береке бастауы

0

Қордай ауданында ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану және жайылым тапшылығын азайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.

2023–2025 жылдар аралығында аудан бойынша жалпы көлемі 26 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 17 мың гектардан астамы – жайылым жерлер. Сонымен қатар, қосалқы жер қорындағы 12 мың 888 гектар жайылымды елді мекендердің ортақ пайдалануына беру жөнінде тиісті шешім қабылданды. Қазіргі таңда бұл жерлерге қатысты жерге орналастыру жобалары әзірленіп, заңнамаға сәйкес рәсімдеу жұмыстары аяқталу сатысында.

Мемлекеттік жер қорына қайтарылған егістік алқаптары да тиімді игерілуде. Олар ашық конкурс арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге табысталып келеді. Соның нәтижесінде жүздеген гектар суармалы және тәлімді егістік жерлер айналымға қайта енгізіліп, ауыл шаруашылығы өндірісінің дамуына серпін беруде.

Биыл Қордай ауданында пайдаланылмай жатқан 4 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспары бекітілген. Жарты жылдың қорытындысы бойынша жалпы көлемі 3 мың гектардан астам жер мемлекетке қайтарылып, жоспардың 75 пайыздан астамы орындалды. Жерді мақсатсыз пайдаланған шаруашылықтарға қатысты заң талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылдануда.

Жерді тиімді игерудің нақты мысалдарының бірі – Қарасу ауылындағы «Ерік» шаруа қожалығы. Шаруашылық басшысы Ерік Алдашбеков конкурстық негізде алған 12 гектар тәлімді жерге арпа егіп, өткен жылы 20 тонна өнім жинаған. Алдағы маусымда бұл алқапқа бидай егуді жоспарлап отыр.

Ал «Кенен береке» кооперативі 86 гектар алқапқа арпа егіп, мол өнім алуды көздеуде. Мұндай шаруашылықтардың тәжірибесі мемлекеттік қолдау мен жерді ұтымды пайдаланудың ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына негіз болатынын көрсетеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.