Қоғамның дамуы мен мемлекеттің өркендеуі әрқашан да адал еңбектің арқасында жүзеге асады. Еңбек ол – адалдықтың, табандылықтың, ынтаның көрінісі. Ел экономикасының ілгерілеуі, өндірістің өркендеуі және инфрақұрылымның дамуы ең алдымен өз ісін сүйіп, оны абыроймен атқарып жүрген еңбек адамдарының еңбегінің жемісі.
Маңдай терімен тапқан нәпақаның қадірін түсініп, өз кәсібіне аса жауапкершілікпен қарайтын адами қасиеттер қай заманда да жоғары бағаланады. Бұл қасиеттердің жарқын мысалы ретінде Сарыбастаулық ардагер, өмір жолында саналы ғұмырын адал еңбекке арнаған Құрманов Жұмабек атамызды айтуға болады. Жұмабек Құрманов 1946 жылы Қырғызстан республикасының Кемин ауданында дүниеге келді. Оның өмір тарихы – еңбекке деген құрмет пен адалдықтың жарқын мысалы. 1965 жылы ол Ноғайбай ауылдық округі, Сарыбастау ауылына қоныс аударып, өз еңбек жолын көлік жүргізушісі ретінде бастады. Осы салада өзінің қабілетін, жауапкершілігін көрсетіп, кейін көлік инструкторы қызметін атқарды. Бұдан бөлек, гараж меңгерушісі және совхозда инженер қызметтерін абыроймен орындап, өз ісіне зор құрметпен қараған еңбектің үлгісін көрсетті.
«Еңбектенген адам қашан да құрметке ие болады, оның жасы мен орны маңызды емес. Өз саласында маман болып, кәсіби биіктерге жету – әркімнің қолынан келеді, бастысы – тоқтаусыз іздену және ешқашан қайтпау. Қиындықтар болады, бірақ табандылық пен шыдамдылық сол сәттерде аса қажет. Қиын сәттерді жеңген адам ғана өз мақсатына жетеді»,-дейді Жұмабек ата.
Ол 2009 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін өз кәсібіне адалдықпен, табандылықпен қызмет етті.
Бүгінде Жұмабек ата 3 ұл, 1 қыздан тараған немере-шөберелерінің қуанышына бөленіп отыр. Оның өмірлік ұстанымы мен еңбектегі табандылығы ұрпақтары үшін маңызды үлгі. Адал еңбек пен табандылықтың арқасында құрметті зейнетке шыққан ол бүгінгі таңда өмірінен және отбасының жылы ұясынан шаттық табуда.
«Жастарға айтарым, өз армандарыңнан ешқашан бас тартпаңдар. Еңбекпен, адалдықпен, кең пейілділікпен ғана адамның аты шығарылады. Кішкентайдан өзіңе сенім артып, болашағың үшін еңбек ет. Бірақ ең бастысы, еңбек еткенде жүрегің таза болсын. Сонда ғана өмірің мәнді, абыройлы болады»,-дейді қария.
Бұл өмірлік оқиға кез келген адамға еңбекқорлықтың, адалдықтың маңыздылығын еске салады. Қай кезде де, қай салада болса да, ең бастысы – өз ісіңді сүйіп, адал еңбек ету. Өйткені, еңбек адамды биікке шығарып, қоғамға пайдасын тигізеді. Жұмабек Құрмановтың өмірі мен еңбек жолы ауылдағы көптеген жандарға үлкен ұлағатты үлгі болары сөзсіз. Адал еңбек ешқашан құр қалмайды, ол өз жемісін уақытылы әрі молынан береді.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ