Пошта қызметі – адамзат тарихында байланыс пен хабар алмасудың маңызды құралы ретінде бірнеше ғасырлар бойы өз маңызын жоймаған жүйе. Бүгінгі таңда ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы және коммуникацияның сан алуан түрлерінің пайда болуына қарамастан, пошта қызметі, әсіресе ауылды және шағын қалалық аймақтарда, өз арнаулы орнын сақтап келеді.
Бұл орайда, 9 қазанда атап өтілетін пошта қызметкерлері мерекесі қарсаңында Қазпоштаның Қордай аудандық филиалының қызметкерлерінің бүгінгі күнгі еңбегіне көз жүгіртсек, олардың жұмысы қаншалықты күрделі әрі жауапты екенін айқын көре аламыз. Динара Қоқумбава – Қордай ауданындағы пошта байланыс торабында ұзақ жылдар бойы қызмет атқарып келе жатқан маманның бірі. Оның поштаның өзіне тән дәстүрлі жұмыстарына қоса, қазіргі таңда талап етілетін сандық әдістерді де меңгергенін байқауға болады. Азанда, пошта бөлімшесіне келген хаттар мен сәлемдемелерді қабылдап, сұрыптап, компьютерлік базаға енгізу – кейіпкерімізге жүктелген негізгі міндеттердің бірі.
«Өзіме жүктелген жұмыс қауырт басталады. Азанда ерте келген хаттар мен сәлемдемелерді қабылдап, оларды ұқыпты түрде сұрыптау – менің бүгінгі бірінші міндетім. Әр құжат, әр пакет өз орнына қойылуы тиіс, себебі кейін оларды үй және жұмыс мекенжайларына дәл әрі уақытылы жеткізушілерге тапсыру керек. Жылдар бойы жинаған тәжірибем мені бұл істе тіпті білікті маман етті деп айта аламын. Қазіргі таңда пошта қызметі электрондық жүйемен де тығыз байланысты, сондықтан бар ақпаратты толық және дұрыс тіркеу маңызды»,-дейді Динара Сұлтанқұлқызы. Бұл процесс үлкен дәлдік пен жауапкершілікті талап етеді, себебі әрбір хат, әрбір қорапша уақытылы әрі дұрыс мекен-жайға жеткізілуі тиіс. Өз бастамасынан бастап, ол Қазақстанның түкпір-түкпірінен келетін әр түрлі хат-хабарларды, газет-журналдарды сұрыптап, өңдеп, оларды аудан ішіндегі бөлімшелер мен таратушыларға ретімен үлестіреді. Мұның барлығы – поштаның тиімді және сенімді жұмыс істеуінің кепілі. Бұл қызметтің негізгі ерекшелігі – тек хаттарды қабылдап, тарату ғана емес, сонымен қатар компьютерлік жүйелерді қолдану арқылы хат-хабарларды тіркеу, ақпаратты дәл және дұрыс өңдеу болып табылады. Бұл ретте пошта қызметкерлерінің тынбайтын еңбек қарқыны, олардың адалдығы мен табандылығы ерекше көрінеді.
Қазпоштаның тағы бір білікті маманы – Назира Абдрахимова. Ол орталық операциялық учаскенің қызметкері ретінде пошта жүйесінің дәл әрі үнемі жұмыс жасауын қамтамасыз етеді.
«Клиенттерге көрсетілетін қызмет түрлері де өзгеріп, кеңейе түсті. Қазір пошта тек хат немесе сәлемдеме жеткізуден ғана тұрмай, төлемдерді қабылдау, коммуналдық қызметтер мен интернет арқылы тапсырыс беру мүмкіндіктерін де қамтиды. Бұл бағытта біздің бөлімшенің жұмысы күннен күнге күрделеніп, жауапкершілік арта түсуде. Осындай талаптарға сай жұмыс істей отырып, біз ауыл тұрғындарына қолжетімді және сенімді байланыс орнатуға тырысамыз. Қазір ақпараттық технологиялардың ықпалымен әлем өте жылдам өзгеріп жатыр. Осы өзгерістерге сай жұмысымызды жетілдіру – басты мақсатымыз. Қазпоштадағы әріптестеріммен бірге, біз әрдайым өз қызметімізді жақсартуға, халыққа ыңғайлы әрі сапалы қызмет ұсынуға бар күшімізді саламыз. Пошта арқылы жеткізілетін хабар мен сәлемнің маңызы ешқашан төмендемейді деген сенімдемін»,-дейді Қазпоштаның орталық операциялық учаскесінің маманы.
Пошта саласы көбіне ел өмірінің шешуші буыны саналады. Оның маңызы әсіресе ауыл-аймағындағы тұрғындар үшін аса зор. Зейнетақыларды, жәрдемақыларды, коммуналдық төлемдерді және басқа да сәлемдемелерді аудандағы тұрғындарға уақытылы және дұрыс жеткізу – пошта қызметкерлерінің жауапкершілігі. Сонымен қатар, пошта – ауыл тұрғындарының әлеуметтік байланысын нығайтудағы маңызды арна. Қазіргі ақпараттық заманда электронды поштаның, мобильді байланыс пен интернеттің дамуына қарамастан, кәдімгі пошта қызметі халықтың әсіресе технологиялық құралдардан алыс жүрген азаматтары үшін әлі де қажет.
Пошта қызметкерлерінің еңбегі – тек ақпарат тасушы ғана емес, сонымен бірге қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті де атқарады. Олар күнделікті халықтың маңызды хабарларын, құжаттарын, төлемдерін, достары мен туыстарының ізгі сәлемдерін жеткізуде жауапты. Сондықтан пошта қызметінің маңызы мен мәртебесін түсіну, мамандардың адал еңбегін бағалау – әрбір қоғам мүшесінің парызы.
Шолпан САБАНОВА
