«Әрбір адал адам адал еңбегімен адал табысқа жетеді». Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтқан бұл сөзі еңбекқорлықтың, жауапкершілік пен әділдіктің қоғам өміріндегі айрықша маңызын айқындайды. «Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу» деген Президент ұстанымы да ел дамуының негізі адал еңбек пен табанды әрекетте жатқанын аңғартады.
Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында маңдай терімен нәпақасын тауып, ел ырыздығын еселеуге үлес қосып жүрген жандардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Қордай ауданының кең-байтақ даласына көз салғанда, бір қарағанда, тіршілігі баяу, тынысы бірқалыпты көрінетін ауыл өмірінің өзіне тән қарбаласы барын аңғару қиын емес. Алыстан қара нүктедей болып көрінетін ауыл шаруашылығы техникалары, алқап басындағы тынымсыз қозғалыс – мұның бәрі үлкен еңбектің көрінісі. Жым-жырт даланың қойнауында аудан экономикасының маңызды саласы – ауыл шаруашылығының тынысы кеңейіп, келер күннің қамы жасалуда. Мұнда әр гектардың есебі, әр дәннің құны, әрбір атқарылған жұмыстың маңызы зор.
Диқан үшін жердің құнарын біліп, тұқымды уақытында себу ғана жеткіліксіз. Бүгінгі таңда мол өнімге қол жеткізу үшін ауа райының қолайлылығын, нарықтағы өзгерістерді, су ресурстарын тиімді пайдалануды, жанар-жағармай қорын және техниканың мүмкіндігін де ескеру қажет. Себебі егіншілік – маусымдық жұмыс қана емес, алдын ала жоспарлауды, ұқыптылықты, төзімділік пен жауапкершілікті талап ететін күрделі сала. Көктемгі дала жұмыстарының нәтижесі күзгі жиын-терімнен көрінсе, күзде атқарылған әрбір істің жемісі келесі жылдың өніміне негіз болады.
Осындай жауапты кезеңде Қордай ауданының Қақпатас ауылындағы «Ельнур» шаруа қожалығы да күзгі егіс науқанына дайындық жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді. Шаруашылықтың негізін 2009 жылы еңбекқор шаруа Әмірхан Мукашев қалаған. Содан бері қожалық ауыл шаруашылығы бағытындағы жұмысын жалғастырып, жерді тиімді игеру мен егіншілік ісін дамытуға күш салып келеді. Шаруашылық үшін әр маусым жаңа міндеттер мен тың жоспарларға жол ашып, алдағы жылдың берекелі болуы бүгінгі жұмыстың сапасына тікелей байланысты екенін көрсетеді.
Қазіргі таңда қожалықтың негізгі міндеттерінің бірі – егіс алқаптарын талапқа сай дайындап, күзгі дән себу жұмыстарын уақытылы бастау. Жерді өңдеу, тұқымды әзірлеу және егіс науқанын тиімді ұйымдастыру секілді жұмыстардың әрқайсысы мұқияттылықты қажет етеді. Себебі дәннің жерге түскен сәтінен бастап оның көктеп, өсіп-жетілуіне дейінгі кезеңде атқарылған жұмыстың маңызы ерекше. Диқанның бүгінгі еңбегі мен дұрыс қабылдаған шешімдері ертеңгі өнімнің негізін қалайды.
«Егіс алқабын дайындап, күзгі дән себу науқанын бастағалы отырмыз. Биыл жалпы 28 гектар аумаққа бидай, арпа дақылдарын және көпжылдық жоңышқа отырғызу жоспарымызда бар. Жұмыстарды жеңілдетіп, егіс науқанын тиімді жүргізу мақсатында былтыр «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы ауыл шаруашылығына қажетті «YTO-X904» маркалы трактор сатып алдық», – дейді шаруа қожалығының жетекшісі Әмірхан Мукашев.
Шаруашылық жетекшісінің айтуынша, егіс көлемін жоспарлау кезінде дақылдардың ерекшелігі мен жерді тиімді пайдалану мәселелері ескеріледі. Биылғы жоспарға енген бидай мен арпа – ауыл шаруашылығы үшін маңызы зор дәнді дақылдар болса, көпжылдық жоңышқа мал азығы қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Әртараптандырылған егіс құрылымы жер ресурстарын ұтымды пайдалануға және шаруашылық жұмысының бағытын жүйелі ұйымдастыруға жол ашпақ.
Ал ауыл шаруашылығы техникасының жаңаруы еңбек өнімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Қазіргі кезде егіншілік саласында уақытты тиімді пайдалану, жанармай шығынын оңтайландыру және жұмысты белгіленген мерзімде орындау мәселелері алдыңғы қатарға шыққан. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік қолдау көрсетіліп «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы лизингке алынған жаңа трактор шаруашылықтың техникалық мүмкіндігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Техниканың қолжетімді болуы жер өңдеу мен егіс жұмыстарын ұйымдастыруды жеңілдетіп, шаруаның уақытын үнемдеуге септігін тигізеді.
Ауыл шаруашылығында табысқа жету үшін жер мен техниканың болуы ғана жеткіліксіз. Ең бастысы – еңбекке деген жауапкершілік, істі дұрыс жоспарлау және әрбір мүмкіндікті тиімді пайдалана білу керек. Табиғаттың тосын мінезіне тәуелді бұл салада шаруалар әрдайым сақадай сай болып, түрлі жағдайға дайын жүруге тырысады. Бір жылғы өнімнің нәтижесі келесі маусымға қажетті қаражат пен тұқым қорын қалыптастыруға ықпал ететіндіктен, әрбір шешімнің салмағы бар.
Жерге дән сеуіп, оның бабын табу, табиғатпен тілдесе жүріп, несібесін адал еңбектен іздеу – диқан қауымының өмірлік ұстанымы. Бүгінгі егіс науқанына жасалған дайындық та ертеңгі өнімге деген үміттің белгісі. Ендеше, жерін қадірлеп, еңбегін бағалай білген шаруалардың табанды тірлігі ауылдың өркендеуіне жол ашып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға қызмет ете бермек.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ