25 қазан – Республика күніне орай аудан орталығындағы алаңда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеруге арналған салтанатты рәсім өтті. Еліміздің егемендігі мен мемлекеттілігін айшықтайтын ұлттық мерекеге арналған тағылымды шараға аудан тұрғындары, ардагерлер, жастар және білім беру саласының өкілдері қатысып, елдік пен бірліктің, тәуелсіздік пен отансүйгіштіктің мәнін терең сезінді.
Республика күні – халқымыздың тарихындағы орны ерекше, елдігімізді айқындап, тәуелсіздік жолындағы маңызды қадамдарды еске салатын қастерлі мереке. Бұл күн – мемлекетіміздің қалыптасу тарихына тағзым етіп, азаттықтың қадірін бағалайтын, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, болашаққа деген сенімімізді нығайтатын маңызды дата. Салтанатты рәсім барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көкке көтеріліп, Мемлекеттік Әнұран орындалды. Әуеге қалықтаған Әнұран үні мен көкте желбіреген көк байрақ қатысушылардың жүрегіне ерекше сезім ұялатып, әрбір азаматтың туған жерге, атамекенге деген сүйіспеншілігін арттыра түсті деуге болады. Мемлекеттік Туға құрмет көрсету – ел тарихына, ұлттық болмысымызға және тәуелсіздігімізге құрмет көрсету деген сөз. Іс-шараға Қордай ауданы әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл, аудан ардагерлері, жастар өкілдері және білім беру саласының мамандары қатысты. Қатысушылар үшін бұл салтанатты рәсім, елдік мұраттарды дәріптеп, ортақ құндылықтар төңірегінде топтасудың жарқын көрінісіне айналды. Әсіресе, жас буынның осындай тағылымды шараларға қатысуы олардың туған елге деген сүйіспеншілігін арттырып, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіз еліміздің айбыны мен абыройы, халқымыздың бірлігі мен тұтастығын білдіретін қастерлі құндылықтар. Әрбір азаматтың көк байраққа құрметпен қарап, Әнұранды асқақ рухпен орындауы – Отанға деген адалдықтың айқын белгісі. Осы тұрғыда, Ту көтеру рәсімі ұлттық рухты көтеріп қана қоймай, жас ұрпаққа ел тарихын танытуға, тәуелсіздіктің маңызын ұғындыруға және ортақ Отан алдындағы жауапкершілікті сезіндіруге бағытталған тағылымы мол шара болып саналады.
Республика күні – өткенімізге көз жүгіртіп, бүгінгі жетістіктерімізді бағалап, ертеңгі күнге сеніммен қарауға мүмкіндік беретін мереке. Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Азаттықты аңсаған ата-бабаларымыздың арманы орындалып, бүгінгі ұрпақ өз тағдыры мен болашағын өзі айқындайтын дербес мемлекетте өмір сүріп отыр. Ендеше, егемендігімізді сақтау, еліміздің дамуына үлес қосу, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайту – баршамызға ортақ міндет.