Жыл сайын 11 қарашада Халықаралық энергия үнемдеу күні атап өтіледі. Бұл күннің басты мақсаты – қоғам назарын энергия ресурстарын тиімді пайдалануға аудару, қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын түсіндіру және электр қуатын үнемдеу мәдениетін қалыптастыру
Қазақстанда да бұл атаулы күнге ерекше мән беріліп келеді. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға Үкімет қаулысымен «Энергия үнемдеу күні – 11 қараша» деген жаңа тармақ енгізілген. Ал халықаралық деңгейдегі бұл бастама алғаш рет 2008 жылы оқушыларға арналған білім беру жобасына қатысушылардың Қазақстанда өткен жыл сайынғы кездесуінде көтеріліп, арнайы күн ретінде белгіленген болатын. Бүгінде технологияның қарқынды дамуы адам өмірін айтарлықтай жеңілдетті. Күнделікті тұрмыста қолданылатын түрлі гаджеттер, компьютерлер, кір жуғыш машиналар, тоңазытқыштар мен өзге де электр құрылғылары тіршілігіміздің ажырамас бөлігіне айналды. Бұрын қол еңбегін қажет ететін көптеген жұмыс қазір бір батырманы басу арқылы орындалады. Мұның барлығы, әрине, электр энергиясының көмегімен жүзеге асады. Аудан тұрғындарын электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету бағытында жергілікті электр жүйесі мекемесінің мамандары да күнделікті жұмыс жүргізіп келеді. Мекеменің негізгі міндеті – аудан тұрғындарын, әлеуметтік нысандарды, кәсіпкерлік субъектілері мен өндіріс орындарын сапалы әрі үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету. Аудандық электр жүйесінің бас инженері Аян Базарбаевтың айтуынша, электр қуатының тұрақты берілуін қамтамасыз ету үшін мамандар кез келген ауа райы жағдайында өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарады. Желілерде ақау немесе төтенше жағдай орын алған сәтте тиісті қызметкерлер жедел іске кірісіп, электрмен жабдықтауды мүмкіндігінше қысқа мерзімде қалпына келтіруге күш салады.
«Біздің мекеменің негізгі міндеті – аудан тұрғындарын, әлеуметтік нысандарды, кәсіпкерлік субъектілерін және өндіріс орындарын электр энергиясымен үздіксіз әрі сапалы қамтамасыз ету. Бұл бағытта мекеме қызметкерлері күнделікті жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Кез келген ауа райы жағдайында электр қуатының тұрақты берілуі үшін мамандарымыз өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарады. Желілерде ақау орын алған жағдайда жедел әрекет етіп, электрмен жабдықтауды мүмкіндігінше қысқа мерзімде қалпына келтіруге күш саламыз»,-дейді бас инженер.
Расында да, энергияны үнемдеу үлкен өзгерістерден емес, күнделікті өмірдегі қарапайым дағдылардан басталады. Мәселен, бөлмеден шыққанда жарықты сөндіру, күндіз табиғи жарықты тиімді пайдалану, электр құрылғыларын қажетсіз қосулы қалдырмау, қуаттағыштарды пайдаланғаннан кейін желіден ажырату – әр адамның қолынан келетін қарапайым әрекеттер. Сонымен қатар тұрмыстық техника сатып аларда энергия тиімділігі жоғары құрылғыларды таңдаудың да маңызы зор.
Энергияны үнемдеу тек отбасы бюджетіне түсетін салмақты жеңілдетіп қана қоймайды. Оның қоршаған ортаны қорғауға да қосар үлесі зор. Себебі электр энергиясын өндіру барысында табиғи ресурстар пайдаланылып, белгілі бір деңгейде қоршаған ортаға әсер етеді.
«Бүгінгі таңда электр энергиясын тиімді пайдалану мәселесі де өзекті болып отыр. Халықаралық энергия үнемдеу күні – осы бағыттағы жұмыстардың маңыздылығын тағы бір мәрте түсіндіретін маңызды күн. Өйткені электр энергиясын өндіру мен тұтыну үлкен еңбек пен ресурсты қажет етеді. Сондықтан оны орынды пайдалану – баршамызға ортақ міндет. Тұрғындарға айтарымыз, күнделікті өмірде қарапайым үнемдеу қағидаларын ұстанған жөн. Мәселен, пайдаланылмай тұрған электр құрылғыларын желіден ажырату, энергия үнемдейтін жарық шамдарын қолдану, бөлмеден шыққанда жарықты сөндіру сияқты қарапайым әрекеттердің өзі электр энергиясын тұтынуды азайтуға ықпал етеді»,-дейді Аян Базарбаев.
Электр қуатын орынды тұтыну ресурстарды тиімді пайдалануға, артық шығынды азайтуға және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді. Әсіресе жас ұрпақтың бойында энергияны үнемдеу мәдениетін қалыптастыру маңызды. Мектеп қабырғасынан бастап балаларға электр қуатының қадірін түсіндіріп, оны тиімді пайдаланудың қарапайым жолдарын үйрету қажет. Бүгінде электр энергиясына деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Тұрғындардың тұрмыстық қажеттіліктері, жаңа нысандардың бой көтеруі, кәсіпкерлік пен өндіріс орындарының дамуы энергетикалық жүйеге түсетін жүктемені де көбейтуде. Мұндай жағдайда электр желілерінің қалыпты жұмысын қамтамасыз етумен қатар, тұтынушылардың да энергияны тиімді пайдалануына мән бергені жөн. Себебі электрмен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығы тек сала мамандарының еңбегіне ғана емес, тұтынушылардың жауапкершілігіне де байланысты.
Жарықтың қадірін оны жоғалтқанда ғана емес, бар кезде де бағалай білуіміз керек. Әрбір үнемделген киловатт – табиғи ресурстарға деген жанашырлықтың, ортақ іске қосылған үлестің көрінісі. Ендеше, электр қуатын тиімді пайдалану әр шаңырақтың күнделікті дағдысына айналса, болашақ ұрпаққа ресурстары сақталған, экологиялық жағдайы қолайлы орта қалдыруға жасалған нақты қадам болмақ.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ