ЖІГІТТЕР ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНДА

0

Жуырда Бурабайда самбодан Қазақстан және Орта Азияның алғашқы спорт шебері Жолан Әсеновті еске алуға арналған «ASSENOV FIGHT» версиясы бойынша «Бурабай-Панкратион-2022» халықаралық жекпе-жек фестивалі өтті. Аталмыш додада Қордай ауданының атынан «Қордай Батыр» клубының 4 спортшысы қатысты. Жамбыл облыстық «Жекпе жек» федерациясының президенті Қайрат Катчибаевтан тәлім алатын шеберлер үш алтын мен бір күміс медальді қанжығаға байлады.

32 кг салмақта Орманбек Мирас (11 жаста), 70 кг салмақта Нұржауған Нұрғазы (18 жаста), 60 кг салмақта Хуров Эмиль (14 жаста) жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп, алтынға қол жеткізсе, 60 кг салмақта Байгел Мұхаметали (17 жаста) күміс жүлдеге ие болды.
Айта кетерлігі, қордайлық спортшылар қарсыластарын мерзімінен бұрын жеңіп, шын шебер екендіктерін тағы бір мәрте дәлелдеді.
–Спортшылар жақсы нәтижеге қол жеткізді, дегенмен босаңсуға болмайды, әрі қарай техниканы пысықтап, тәжірибе жинау керек. Әрине, демеушілер табылып, болашағынан үміт күттіретін жергілікті спортшыларға назар аударып, қолдау көрсетсе деген тілегіміз бар. Тәрбиеленушілеріміздің атынан және өз атымнан Қордай ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер А.Жұмабаевқа спорт залын беріп, қолдау көрсеткені үшін үлкен алғысымды білдіремін», — дейді Қ.Катчибаев.
Ал, біздің жігіттерге одан да биік белестерді бағындырып, жеңіске жете берулеріне тілектеспіз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.