КАРАТЭДЕН ҚОЛА ЖҮЛДЕ

0

Жуырда Қырғызстанның Чолпан Ата қаласында жасөспірімдер, жастар мен ардагерлер арасында WSF шотокан каратэдан бірінші Азия чемпионаты аяқталды. Ката, кумитэ, шобу иппон, шобу санбон, WKF спорт түрлерінен өткен жарысқа Қырғызстан, Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Иран мемлекеттерінің спортшылары қатысты. Жалпы қатысушылар саны 700-ден асты. Қазақстанның құрама командасы құрамында «Әлжан ана» клубының жаттықтырушысы Абралиев Еркебек болды. Чемпионатта жерлесіміз ардагерлер арасында үшінші орынға қол жеткізді.

-Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан елдерінің өкілдерімен 3 жекпе-жекке шықтым. Шығыс жекпе-жектері басқа спорт түрлері тәрізді балалар мен жастарды шыдамды, епті, рухы мықты болуға, үлкендермен қатар қарсыласын сыйлауға үйретеді. Менің міндетім — балаларды спортқа баулу, оларды үйрету. Спортпен шұғылданатын балалар тәртіпті болады, ал тұрақты жаттығулар олардың денсаулығына жақсы әсер етеді. Бүгін де жасым үлкен болса да жарысқа қатысып, спорттық қалыпты сақтауға болатынын көрсеттім. Татамиға шыққанның өзі — жеңіске қарай бір қадам жақын болу, себебі бойдағы қорқынышты жеңу – спортта ғана емес, жалпы өмірде жеңіске жетелейді. Әрі қарай тәрбиеленушілерімді әртүрлі додаларға дайындаймын. Спортта жеңіс те, жеңіліс те болады, ең бастысы қиындықтарға төзіп, алға қарай жүре беру керек, сонда ғана жеңіске жетесің», — дейді «Әлжан ана» клубының жаттықтырушысы Еркебек Абралиев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.