АРГЕН – ЕЛ ЧЕМПИОНЫ!

0

Жамбыл облысының жас футболшысы Арген Болат 18–27 шілде аралығында Қостанай қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы футболдан Қазақстан Республикасының чемпионатында жоғары шеберлігін көрсетіп, командасымен бірге ел чемпионы атанды.

Қордай ауданындағы №18 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі жарысқа Жамбыл облысының мамандандырылған спорт мектебінің құрамында қатысып, командасымен бірге чемпиондық тұғырға көтерілді.

Футбол – жастар арасында кеңінен танымал әрі бәсекелестігі жоғары спорт түрі. Мұндай республикалық дода жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, тәжірибе алмасуына мол мүмкіндік береді. Арген Болаттың бұл жетістігі – оның спортқа деген адалдығы, тынымсыз еңбегі мен табандылығының жемісі.

Чемпионат барысында Арген еліміздің түкпір-түкпірінен келген дарынды футболшылармен бақ сынасып, командалық ойын мен жеке шеберлікті үйлестіре білді. Нәтижесінде Жамбыл облысының құрамасы алтын медальді жеңіп алып, ел чемпионы атанды.

Бұл жеңіс – жас спортшының қажырлы еңбегінің, оны тәрбиелеген бапкерлердің, №18 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің және Жамбыл облысының спорт саласында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Осындай жеңістер жас буынның спортқа деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын насихаттауға зор ықпал етеді. Аргеннің табандылығы мен еңбекқорлығы оның алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, халықаралық ареналарда Қазақстанның абыройын асқақтатарына сенім мол.

Болат Талғатұлын жарқын жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз! Ел намысын абыроймен қорғап, бұдан да биік белестерді бағындыра беруіне тілектеспіз!

Leave A Reply

Your email address will not be published.