БҰЛ – ЕР ЖҮРЕКТІ ЖАНДАРДЫҢ МАМАНДЫҒЫ

0

19 қазан – Құтқарушылар күні. 1995 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған арнайы қызмет күні бүгінге дейін халыққа қалтқысыз еңбек етіп келеді.

Міне, осындай мемлекеттік маңызы бар қызмет жүйесін жасау үшін 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды. Осы құжат негізінде 19 қазан Құтқарушылар күні болып белгіленді.
Қоғамымыздағы ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші қызметі. Күн сайын табиғи апат салдарынан немесе қауіпсіздік ережелерін дұрыс сақтамау салдарынан туындайтын өрттермен бетпе бет келіп, тілсіз жаудың «тілін табуға» тырысатын маман иелерінің қызметі шын мәнінде оңай емес. Кез келген сәтте тілсіз жау өзіңе тап беріп, немесе жалынға оранған заттың үстіңе құлап кетуі, иіс тиіп, ес жоғалтуың әбден мүмкін. Сондықтан төтенше жағдайларда ең алдымен көмекке ұмтылып, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге тырысатын өрт сөндіруші мамандардың еңбегі ерлікпен пара пар!
Әсіресе аптап ыстық күндері өрт оқиғалары жиілей түседі. Сондықтан өрт сөндіру қызметінсіз қоғамымызды елестете алмаймыз. Осы орайда төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, өрттерді сөндіру, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу, оның ішінде коммуналдық шаруашылықтағы авариялар, облыстың ауылдық аудандарындағы су тасқыны, жол-көлік оқиғаларының салдары проблемасының неғұрлым тиімді шешімі Жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен шалғай елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін құру, өрт сөндіруші мамандарын дайындау, өрт қызметін техникалық тұрғыдан жаңарту болып табылады. Шыны керек аяқ асты өрт тұтана қалған жағдайда кез келген адам сол жерді тастай қашуға, үрейге берілуге даяр тұрады. Ал төтенше жағдайлардағы өрт сөндіру мамандары сондай сәтте керсінше жалынның ортасына жүгіре жөнеледі. Бұл оның қызметі ғана емес, міндеті. Сондықтан кейбір жағдайларда азаматтық көмегін ұсынып, көшеде кетіп бара жатқан төтенше жағдайдың куәгері өрттен зардап шегушіні құтқаруға тырысса дереу марапаттап жататынымыз да содан. Өйткені өрт оңай жау емес. Нағыз ер азаматтарға, жүректілерге ғана тән мамандық үлкен батылдықты талап етеді. Өртті тез сөндіру үшін, ержүрек адам болу аз, ол үнемі физикалық тұрғыдан дайын болып, өрт қауіпсіздігі ережелерін, өрт сөндіру техникасын және отпен күресу амалдарын білетін білікті маман болуы қажет. Өрт сөндірушілер әр минут сайын өз өмірлерін тәуекелге байлап, өзіне қауіп төндіреді. Кез келген уақытта қыстың қақаған суығы мен жаздың аптап ыстығына қарамастан отқа да, суға да түседі. Осылайша, жүктелген жауапкершілікті арқалаған жандар үшін құтқару, көмектесу деген мақсат күн сайын бірінші орында тұрады. Төтенше жағдай кезінде өзінен бұрын өзгенің өмірін құтқаруға ұмтылады. Сондықтан олардың қызметі әлемдегі ең ауыр, күрделі мамандықтардың бірі саналады. Лауазымдарының өрт сөндіруші-құтқарушы болып өзгеруі де тегін емес. Өртті сөндіріп қана қоймай, басқа адамдардың арашасы болып ұмтылатындары үшін құтқарушы қызметін де мамандықтарына атау ретінде тіркеді. Сондықтан өрт сөндіруші нағыз ерлердің мамандығы саналады. Өрт сөндіруші болғысы келетіндерге жоғары талап та қояды. Бұл қызметке жасы 18-32 жас аралығындағы тепсе темір үзетін, денсаулығында ешқандай кінәраты жоқ жастар алынады. Өз өмірін қауіп-қатерге тіге жүріп, өзгенің өмірін арашалап қалатын жандар қызыл жалын тұтанған сайын ерлік жасайды.
Қордай ауданы Төтенше
жағдайлар бөлімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.