Қордайдағы «Балауса» лагері биылғы маусымын аяқтады. Осында келіп, күш-қуат алып, жаңа достар тапқан балалар бүгін мектепке аттанды. Осы орайда лагер басшысы Тулеуов Еркін Өксікбайұлымен аз-кем сұхбат құрып, биылғы маусым турасында сұрап-білген едік.
– Еркін Өксікбайұлы, 2026 жылғы жазғы демалыс маусымы да өз мәресіне жетті. Жалпы, биылғы жұмысты қалай қорытындылайсыз?
– Биылғы жазғы маусым «Балауса» балалар сауықтыру лагері үшін мазмұнды да нәтижелі өтті деп толық сеніммен айта аламын. Біздің басты мақсатымыз – балалардың жазғы демалысын қауіпсіз, қызықты әрі пайдалы ұйымдастыру. Осы бағыттағы жұмыстардың барлығы бекітілген жоспарға сәйкес толық көлемде жүзеге асырылды.
2026 жылғы жазғы маусымда лагерьде жалпы 1500 бала демалысын өткізді. Оның 1231-і – Қордай ауданының балалары. Сонымен қатар 3, 4 және 5-лекте Тараз қаласындағы К. Сарымолдаев атындағы балалар үйінен 269 тәрбиеленуші қабылданды. Балалар бір ортада демалып, түрлі мәдени, спорттық және танымдық шараларға бірге қатысты.
Біз үшін әр баланың лагерьден жақсы әсермен, көтеріңкі көңіл-күймен және жаңа достар тауып қайтуы – ең үлкен нәтиже.
– «Балауса» лагері Қордай ауданында бірнеше онжылдықтан бері жұмыс істеп келеді. Оның бүгінгі аудан өміріндегі орны қандай?
– «Балауса» – жай ғана жазғы демалыс орны емес. Бұл – Қордай ауданындағы балаларды сауықтыру бағытындағы өзіндік тарихы мен қалыптасқан дәстүрі бар бірегей орталық. Лагерь 1977 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде мұнда ауданымыздың мыңдаған баласы жазғы демалысын өткізіп, денсаулығын нығайтып, достар тауып, өздерінің шығармашылық және спорттық қабілеттерін шыңдады. Әсіресе әлеуметтік осал топтағы және жетім балалар үшін лагердің маңызы ерекше. Сондықтан «Балаусаның» тұрақты әрі сапалы жұмыс істеуі – балалар саясаты тұрғысынан да, әлеуметтік тұрғыдан да маңызды мәселе.
– Биыл лагерьде жаңа білім беру-сауықтыру бағдарламасы енгізілгенін білеміз. Осы туралы айтып өтсеңіз.
– Иә, биылғы маусымның маңызды жаңалығының бірі – «Балдәурен – алаңсыз балалық шақ» атты жаңа білім беру-сауықтыру бағдарламасының енгізілуі. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2026 жылғы 29 мамырдағы №147-НҚ бұйрығына сәйкес лагерьде арнайы жұмыс тобы құрылып, жаңа бағдарлама әзірленді. Бағдарлама министрлік деңгейінде алғашқылардың бірі болып апробациядан сәтті өтіп, белгіленген талаптар мен параметрлерге толық сәйкес деп танылды.
Бағдарламаның басты ерекшелігі – баланың бос уақытын жай ғана көңіл көтеруге емес, оның жан-жақты дамуына бағыттау. Осы мақсатта балалар үшін танымдық, мәдени, спорттық, шығармашылық және тәрбиелік бағыттағы түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.
Білікті педагогтер мен тәлімгерлер әр баланың қызығушылығын ескеруге тырысты. Нәтижесінде балалардың белсенділігі де, іс-шараларға деген қызығушылығы да жоғары болды.
– Балалардың қауіпсіздігі мәселесі әрқашан бірінші орында. Биыл бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізілді?
–Қауіпсіздік – лагерь жұмысының ең басты талабы. Маусым басталмас бұрын барлық тиісті тексерулерден өттік. Лагерьдің медициналық пунктіне ресми мемлекеттік лицензия алынды. Медициналық кабинет қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, дәрі-дәрмек қоры нормативтерге сәйкес жасақталды. Сонымен бірге санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің талаптары толық орындалып, лагерьдің балаларды қабылдауына ресми рұқсат алынды. Білім беру саласын бақылау департаментінен де лагерь жұмысын бастауға қажетті мемлекеттік лицензия алынды.
Жаз бойы балаларға қауіпсіздік техникасы, судағы және ормандағы мінез-құлық ережелері тұрақты түсіндірілді. Ювеналды полиция, Төтенше жағдайлар департаменті және прокуратура өкілдерінің қатысуымен «Қауіпсіздік аумағы» профилактикалық акциясы өткізілді.
Ең бастысы лагерь аумағында төтенше жағдай, заң бұзушылық немесе жарақат алу оқиғалары тіркелген жоқ. Бұл – бүкіл ұжымның жүйелі еңбегінің нәтижесі деп білемін.
– Биыл балалардың әлеуметтік қолдауына да ерекше көңіл бөлінген сияқты.
– Дұрыс айтасыз. Біз үшін балалардың әлеуметтік жағдайына қарамастан, олардың лагерьде өздерін еркін әрі бақытты сезінуі маңызды.
К. Сарымолдаев атындағы балалар үйінен келген тәрбиеленушілерге Қордай ауданының азаматтары мен демеушілері тарапынан үлкен қолдау көрсетілді. Балаларға заманауи спорттық киімдер, аяқ киімдер, тәттілер, жеміс-жидектер және оқу-жазу құралдары табысталды.
Мұндай қайырымдылықтың тәрбиелік мәні де зор. Өйткені балалар өздеріне деген қамқорлықты сезінеді, ал қоғамдағы мейірімділік пен жанашырлықтың нақты үлгісін көреді.
– Биылғы маусым барысында мәдени-ағартушылық бағытта қандай шаралар ұйымдастырылды?
– Балалардың демалысын мазмұнды өткізуге ерекше мән бердік. Лагерьде спорттық жарыстар, шығармашылық байқаулар, танымдық кездесулер мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.
Сонымен қатар облыстық музейдің көшпелі көрмесі келіп, балалардың тарихи-мәдени дүниетанымын кеңейтуге мүмкіндік берді. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ЗОЖ орталығының мамандары дәрістер өткізді.
Біздің ұстанымымыз – лагерьдегі әр күн баланың есінде қалуы керек. Сондықтан демалыс пен тәрбиені, ойын мен білімді қатар алып жүруге тырыстық.
– Маусым сәтті аяқталды. Алайда лагерьдің материалдық базасына қатысты мәселелер де бар екені белгілі.
– Иә, бұл – бізді алаңдататын ең маңызды мәселелердің бірі. Лагерьдің асхана ғимаратына 2025 жылы күрделі жөндеу жүргізіліп, заманауи талаптарға сай жабдықталды. Бұл – үлкен жетістік.
Бірақ лагерьдің тұрғын корпустары, монша ғимараты мен ішкі жолдары 1977 жылдан бері күрделі жөндеуден өткен жоқ. Яғни, ондаған жыл бойы пайдаланылған нысандардың табиғи тозуы бүгінде анық байқалады.
Монша ғимараты да шұғыл жаңартуды қажет етеді. Қазіргі нысанның инженерлік жүйелері ескірген, су құбырлары мен кәріз жүйелерінің тозған. Сондықтан жаңа, заманауи монша-кір жуу кешенін салу қажеттілігі туындап отыр.Тағы бір өзекті мәселе – лагерь ішіндегі жолдар мен жаяу жүргіншілер жолдары. Асфальт жабыны әбден тозған. Балалардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін ішкі жолдарды қайта жаңарту қажет.
– Демек, алдағы кезеңдегі басты мақсаттардың бірі – лагерьді жаңғырту ғой?
– Әрине. Біз үшін ең бастысы – балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығы.
Бүгінгі күні «Балауса» өз міндетін орындап, жыл сайын жүздеген, мыңдаған баланы қабылдап келеді. Ұжым өзіне жүктелген жұмысты сапалы атқаруға бар күшін салуда. Бірақ заманауи талапқа сай бағдарламаны заманауи инфрақұрылыммен ұштастыру қажет. Қазір балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін бізге жаңа техникалық құрал-жабдықтар, цифрлық инфрақұрылым, жаңартылған корпустар, қауіпсіз жолдар және заманауи тұрмыстық жағдай керек.
– Соңғы сұрақ. Осы маусымнан кейін лагерь ұжымы қандай көңіл-күймен тарады?
– Әрине, шаршау бар. Бірақ оның орнын балалардың қуанышы мен жақсы әсері басып тұр.
Бес лек бойы 1500 баланың демалып, сауыққанын, жаңа достар тауып, түрлі шараларға белсенді қатысқанын көрдік. Ең бастысы – маусымды қауіпсіз әрі жоспарға сәйкес толық аяқтадық.
Мен осы мүмкіндікті пайдаланып, балалардың ата-аналарына сенімдері үшін, демеушілер мен Қордайдың жомарт азаматтарына көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтқым келеді. Сондай-ақ бүкіл педагогтерге, тәлімгерлерге, медицина қызметкерлеріне, техникалық және әкімшілік қызметкерлерге қажырлы еңбегі үшін ризашылығымды білдіремін.
Сұхбатыңызға рахмет!
Ж.ОМАРОВ