Ауыл шаруашылығы жануарлары арасында жиі кездесетін қауіпті аурулардың бірі – тейлериоз (сары безгек). Бұл ауру көбінесе мүйізді ірі қара малында тіркеледі. Аурудың қоздырғышы – бір жасушалы қарапайым паразиттер, ал оның негізгі тасымалдаушылары – кенелер.
Көктем мезгілінде кенелердің белсенділігі артып, олар малдың қаны арқылы тейлериоз қоздырғыштарын жануар ағзасына енгізеді. Паразиттер алдымен лимфа бездерінде, кейін қан айналу жүйесінде, бауыр мен көкбауырда көбейіп, ағзаның маңызды мүшелерін зақымдайды. Соның салдарынан жүрек-қан тамырлары, ас қорыту, жүйке және зәр шығару жүйелерінің қызметі бұзылады. Аурудың негізгі белгілеріне дене қызуының 40-41 градусқа дейін көтерілуі, лимфа бездерінің ісінуі, көздің кілегей қабықтарының сарғаюы, тәбеттің төмендеуі және ас қорыту жүйесінің бұзылуы жатады. Сауын сиырлардың сүт өнімділігі күрт азайып, буаз малдарда түсік тастау жағдайлары кездесуі мүмкін. Уақытылы ем қолданылмаған жағдайда ауру өлім-жітімге алып келеді. Әсіресе тейлериоз ауруы бұрын тіркелмеген өңірлерден әкелінген асыл тұқымды ірі қара малдары бұл дертке бейім келеді және оларды емдеу күрделі болады.
Тейлериоздың алдын алуда вакцинация маңызды рөл атқарады. Отандық ғалымдар әзірлеген вакцина ауруға қарсы тиімді қорғаныс қалыптастырады. Вакцинаны кенелердің белсенді кезеңі басталғанға дейін егу ұсынылады. Сондықтан жеке қожалықтар мен шаруа қожалықтарының иелері малдарын дер кезінде вакцинациялауға ерекше назар аударғаны жөн. Сонымен қатар қоражайлардың санитариялық жағдайын сақтау, дезинсекциялық өңдеу жұмыстарын жүйелі жүргізу және кенелерге қарсы күрес шараларын ұйымдастыру аурудың таралуының алдын алады. Жүргізіліп жатқан ветеринариялық-профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде облыста соңғы үш жылда тейлериозбен ауырған ірі қара мал саны 40 пайызға азайды. Ал 2026 жылы облыс бойынша 146 мың мүйізді ірі қара мал тейлериозға қарсы жоспарлы түрде вакцинацияланды. Мал шаруашылығының табысты дамуы ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен тікелей байланысты. Сондықтан әрбір мал иесі жануарлардың денсаулығына жауапкершілікпен қарап, профилактикалық шараларды уақытылы жүргізуі қажет.
Халық даналығында айтылғандай, «Малы саудың – жаны сау».
Олжас ӘСЕМБЕК, облыс әкімдігінің ветеринария басқармасы «Ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету» бөлімінің бас маманы