Наурыз — халқымыздың ең ұлы мерекелерінің бірі. Биылғы Ұлыстың ұлы күні біздің аймақта ерекше сән-салтанатымен өтті.
Ауылымыздағы Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, әл-Фараби атындағы орта мектептердің ұйымдастыруларымен өткен «Ұлттық салт-дәстүр – ұрпақ сабақтастығының негізі» атты фестиваль, көктем мезгілінің шуақты, нұрлы мерекесін сезінуге мүмкіндіқ берді. Масаншы ауылының мәдениет үйі алаңыңда аудан тұрғындары мен жан-жақтан келген қонақтар айтулы іс-шараға жиналып, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрып, әдемі өнер пен мәдениеттің куәсі болды. Фестиваль «Көрісу» амалынан, яғни қыстан аман шыққан жұрттың қауышып, құшақ жая амандық сұрасып, қол алысуынан басталды. Өткен мен бүгінді жалғайтын, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мен ұлықтау: «Шашу» рәсімімен басталса, «Қыз ұзату», «Тұсаукесер», «Байғазы» дәстүрінің көрінісімен жалғасты. Тәрбие менрухани мұраның тағы бір ажырамас бөлігі болған «Алтыбақан», «Арқан тартыс», «Теңге алу», «Тоғызқұмалақ», «Асық ату» сияқты ұлттық ойындарымыз кеңінен ойналды. ¥лттық киімдер шеруі іс-шараны жандандырып, айрықша әсер қалдырса, мерекенің тағы бір сәнін кіргізген ұлттық көрме бұйымдары болды. Фестиваль аясында өткен мерекелік концерттің алғашқы құттықтау сөзі Қордай ауданы білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбековке беріліп, жоғарыда аталған мектептердің өнерпаз оқушылары өз өнерлерін ортаға салып, паш етті. Үш мектептің де оқушылары белсене қатысып, ән айтып, би билеп, Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін жатқа айтып, көрермендерге тамаша көңіл-күй сыйлап, әр мектеп ұжымы өзіндік ерекшелігімен көзге түсті. Фестивальдің ең жылы лебізді сәті – Күнбатыс-2 және Қаракемер ауылдарының ақ кимешек киген әжелердің сахнаға шығуы болды. Күмбезді ақ кимешектерімен сәуле шашқан әжелердің дәстүрлі, қоңыр, қайырымды дауыстары құлаққа емес, жүрекке жетті. Олардың орындауындағы халық әндері мерекенің шырайын аша түскендей. Киелі кимешек киген аналарымыз жастарға ақжарма сөздерін арнап, ақ баталарын берді. Әжелерімізден кейін жиынның құрметті қонақтары мен көрермендері өздерінің алған әдемі әсерлерімен бөлісіп, ұйымдастырушылар мен өнерлі оқушыларға жүрекжарды, ізгі тілектерін білдірді. Қонақтар мен жиналғанкөпшілікке Наурыз мерекесінің басты тағамы – наурыз көже ұсынылып, дастархан жайылды. Бұл жылғы Наурыз мерекесі татулық пен қуаныш, ерекше жылулық сыйлайтын атмосферасымен есімізде қалды. Келесі жылы да Наурыздың осындай үлкен дәрежеде аталып өтетіне сеніміміз мол!
Б.ТОЛБАЕВА, Күнбатыс-2 ауылының зейнеткері