ИННОВАЦИЯЛЫҚ ҮДЕРІСТЕР

0

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Қазақстанның жоғары білім беру жүйесіндегі жетекші әрі іргелі оқу орны. Ғасырдан астам тарихы бар университет бүгінгі таңда әлемдік білім кеңістігінде өзіндік орны қалыптасқан беделді білім ордасына айналды. ҚазҰУ құрамында 16 факультет жұмыс істеп, бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде 500-ден астам білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда. Олардың мазмұны халықаралық стандарттарға сай әзірленіп, еңбек нарығының сұраныстарына бейімделген. Университетте 25 мыңнан астам студент білім алады.

Университеттің басты артықшылықтарының бірі – оның жоғары ғылыми-педагогикалық әлеуеті. Мұнда 3 мыңнан астам профессор-оқытушы еңбек етеді, олардың қатарында академиктер, ғылым докторлары мен PhD мамандар бар. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыратын 29 орталық пен институтта іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізіліп, нәтижелері өндіріске енгізілуде. 2022 жылы ҚазҰУ-ға «зерттеу университеті» мәртебесінің берілуі – оның ғылыми деңгейінің жоғары екенінің айқын дәлелі.

Материалдық-техникалық база заманауи талаптарға толық жауап береді: оқу корпустары мен зертханалар жаңа технологиялармен жабдықталған, ал электрондық кітапхана жүйесі студенттерге әлемдік ғылыми ресурстарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Студенттерге жайлы жатақханалар, спорт кешендері мен шығармашылық үйірмелер қарастырылған, бұл олардың жан-жақты дамуына жағдай жасайды.

Университет халықаралық байланыстарды белсенді дамытуда. Әлемнің 50-ден астам елінің жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы келісімдер жасалған. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша жыл сайын жүздеген студент шетелдік университеттерде білім алып, тәжірибе жинақтайды. Сонымен қатар ҚазҰУ-ға шетелден де көптеген студент келіп оқиды. Қазіргі уақытта университетте 50-ден астам елдің 4 мыңға жуық студенті білім алуда. Бұл университеттің халықаралық тартымдылығын көрсетеді.

ҚазҰУ-да академиялық білім берумен қатар тәрбие жұмысына да ерекше көңіл бөлінеді. Студенттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында түрлі үйірмелер мен секциялар жұмыс істейді. Түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар, спорттық жарыстар, ғылыми конференциялар ұйымдастырылып тұрады. Бұл студенттердің жан-жақты дамуына ықпал етеді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – еліміздің жоғары білім беру жүйесіндегі көшбасшы оқу орны. Оның материалдық-техникалық базасы, профессор-оқытушылар құрамының біліктілігі, халықаралық байланыстары студенттерге сапалы білім алуға толық мүмкіндік береді. Университеттің «зерттеу университеті» мәртебесін алуы – оның ғылыми әлеуетінің жоғары екендігін дәлелдейді. Бұл мәртебе университетке ғылыми зерттеулерді одан әрі дамытуға, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер береді. ҚазҰУ түлектері еліміздің экономика, ғылым, білім, мәдениет салаларында табысты еңбек етіп, мемлекетіміздің дамуына үлес қосуда. Бұл университетте берілетін білім сапасының жоғары екендігін көрсетеді. Университет алдағы уақытта да білім мен ғылымды дамыту бағытында аянбай еңбек ете беретін болады.

Ж.ЖОРАБАЕВА, э.ғ.к доцент м.а  «Қаржы және есеп кафедрасы».

А.Сағымбай, «Қаржы» мамандығының 4 курс студенті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.