МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ҚОРДАЙДА

0

Дүйсенбі күні ауданымызға жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мейрамбек Төлепберген және Гүлдара Нұрымова жұмыс сапарымен келіп, бірқатар ауылдық округтерді аралап, тұрғындармен жүздесті.
Мәселен, Мейрамбек Мылтықбайұлы алдымен Кенен ауылына барып ауылдық мәдениет үйінде «AMANAT» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында Кенен ауылдық округінің зиялы қауым өкілдерімен, ардагерлермен кездесу өткізді. Кездесу барысында мемлекет тарапынан ардагерлерге жасалып жатқан қамқорлық жайында әңгіме өрбіп, одан бөлек ауыл мәселесіне қатысты ардагерлер тарапынан түскен сұрақтарға жауап берілді. Келесі кезекте депутат Сұлутөр ауылындағы №38 орта мектебінің мәжіліс залында тұрғындармен кездессе, одан кейін Үлкен Сұлутөр ауылдық округінде қоғамдық қабылдау жүргізді.
Қабылдау барысында ауыл азаматтары атынан түскен түрлі сұрақтарға жауап беріліп, халық қалаулысы ретінде бірқатар мәселелер назарға алынды.
Ал, ауданымызға келген тағы бір депутат Гүлдара Нұрымова жұмыс сапарын Алға ауылындағы №34 орта мектебінің мәжіліс залында тұрғындармен кездесуден бастады. Құрамына үш ауыл кіретін округ азаматтары халық қалаулысына ауыл жайынан бастап жеке мәселелері бойынша да сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды. Осыдан кейін Мәжіліс депутаты Кенен ауылына жол тартып, «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарымен танысып, жауапты мамандарға мемлекет қаржысын мақсатты жұмсау, жұмысты сапалы атқару мәселелеріне аса мән беру керектігін баса айтты.
Осыдан кейін Қордай ауылында «AMANAT» партиясының аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындар сауалдарына құлақ түрді. 2553 тұрғыны бар Кенен ауылында бірқатар мәселелер көтерілді. Мысалы, ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі Жамбыл Сатыбалдиев ауызсу мәселесі ауылда өзекті екенін айтып, мәселенің шешілуіне қолдау білдіруін сұрады. Ал, ардагер ұстаз Тұрсынбай Мұсаханов мемлекеттік тілді қолдау шараларын күшейту қажеттігін алға тартып, өз ұсыныстарын да айтты. Барлық көтерілген сұрақтар депутат назарына алынды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.