Омарташы өмірінің бір күні

0

Балдың емдік қасиеті ерте заманнан белгілі. Кейбір мәліметтерге сәйкес, адамзат оны тоғыз мың жыл бойы жинап келеді. Ғажайып шырынның әрбір граммының артында үлкен еңбек жатыр. Таңмен таласа ояну, барлық ережелерді сақтау және табандылық – омарташы табысының маңызды құрамдас бөлігі. Қыры мен сыры көп кәсіппен жақынырақ танысу үшін ара шаруашылығымен 20 жылдан астам уақыттан бері айналысып келе жатқан омарташы, аудандық омарташылар ассоциациясының төрағасы Жанат Көрпебаевпен жүздестік.

Егер сіз бал арасын өсірумен айналысуды шешсеңіз, ең алдымен омартаға орын таңдауыңыз керек. Жанат Көрпебаевтың омарта шаруашылығы ауданның көрікті жерлерінің бірінде орналасқан. Таза ауа, таулар. «Бұл жұмыс емес, романтика ғой» деп ойладық. Бұдан соң омарташы қолымызға қалың рәзіңке қолғап пен бет торын берді. Ең қызығы осы тұста басталды.

Ара ұяларына жақындадық. Бойымды үрей жаулаған.

-Қорықпаңыздар, олар сезеді. Тағы бір жайт – оқыс қимыл жасамаңыз, — деп ескертті омарташы.

Белгілі болғандай, Жанат бұл ісін әуесқой ретінде бірнеше ара ұяларынан бастапты. Кемінде 100 ара ұясы болғанда ғана омарта өндірістік деп есептелетіні белгілі. Тек осы көрсеткіштен асқанда барып асыл тұқымды шаруашылық статусын алуға болады.

-Бір ара ұясынан бір маусымда орта есеппен бір фляга бал алдым. Алғашқы жылы жиналған балды сатып, салынған қаржының жартысын қайтардым. Бірақ әлі де бензинге, қосалқы құрал-жабдықтарға, қантқа кеткен шығындар бар еді. Қиындықтарға қарамастан, ұнатқан ісімді жалғастырдым, — дейді ол.

Мемлекет омарта шаруашылығын сақтау және дамыту шараларын қолға алғаннан кейін Қордай ауданының тұрғыны бал кәсібімен белсенді айналыса бастады. Қазір оның омарта шаруашылығы аймақтағы ірі кәсіптердің бірі саналады. Онда асыл тұқымды аралардың 150 колониясы бар. Мұнда жылына төрт тоннадан астам тауарлық бал өндіріледі.

-Бір ұяда бір аралар отбасы мекендейді. Әр отбасында 20-30 мыңдай ара бар. Жазда ара саны көбейіп, күзге қарай азаяды. Қараңызшы, шірне жинайтын, ұя жасайтын, ұя тазалайтын, аналық және дернәсілдерді тамақтандыратын жұмысшы аралар бар. Сондай-ақ, аралар колониясының аталық түрлері болады. Олар ұрпақты жалғастыру үшін қажет. Аталық аралар өз-өздерін тамақтандыра алмайды, олар басқа аралардың тапқанымен қоректенеді. Уақыты келгенде аналық аралар оларды біртіндеп ұядан шығарып тастайды, — деп түсіндірді.

Омарташының жұмысына қызыға кіріскеніммен, шынымды айтсам, мен ара шағуынан ессіз қорқатынмын.

-Жұмыс барысында, әрине, ара шағып алатын кездер болып тұрады. Оңай шаруа емес, аралар көңілсіз кезде шағып алуы әбден мүмкін. Мұны апитерапия деп қабылдаған жөн.

Араларда да көңіл-күй болады екен-ау, деген оймен таңданғаным рас.

Қандай да бір жаңа іске кіріскенде қателесесің, тәжірибе жинақтайсың.

-Әрине онсыз болмайды, кез-келген адам қателеседі, үйренеді. «Көш жүре түзеледі емес пе?». Аралар қыстан шықпай, бірден тұқым алу мүмкін болмаған кездер болды. Бастысы берілмеу керек, — дейді тәлімгерім.

Бүгінде омарташының өзі «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы жанынан ұйымдастырылған омарта өсіру курстарында дәріс оқиды. Ара шаруашылығы өнімдерін өндіруде мол табыс алу үшін зоотехникалық жұмыстарды, құжаттаманы дұрыс жүргізуді, тұқымды аудандастыру жоспарларын орындауды үйретеді.

Жалпы, омарташының жұмысы жақсы жолға қойылған. Кәсіпкер апитерапевтикалық сауықтыру кешенін ашуды армандайды, мұнда келушілер демалып, тегін емделуге мүмкіндік алады.

Түскі ас уақыты жақындаған сайын шаршай бастадық. Әдемі пейзаж бен дала гүлдерінің хош иісі, әрине, жанды сергітеді, бірақ мен жұмыс кабинетімді сағына бастадым. Оның үстіне омарта шаруашылығындағы қателіктерім шаруашылыққа үлкен шығын әкеле жаздады. Күн жемісті болды, білімім толыға түсті, енді мен аталық араларды жұмысшы аралардан оңай ажырата аламын. Қажет болса, ұя таңдауға көмектесемін, ең бастысы, бал жинайтын араларды ашуландырмаудың тәсілін білемін. Осылайша, таңғажайып әрі жұмбақ аралар әлемін көріп қайттық.

Шолпан САБАНОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.