ТӨЛЕГЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНА БАРАДЫ

0

Қордайлық спорт саңлақтарының жеткен жетістіктерінің жаршысына айналған «Бәрекелді»  айдары жалғасын табуда. Кезекті қонағымыз Степной ауылынан шыққан қол күрес спортының жас шебері Төлеген Мағжан. Төлеген талай сындарда көзге түсіп, ел алдында еленіп жүрген жас спортшылардың бірі. Ол жуырда Алматы облысында өткен жарысқа қатысып, жүлделі оралған болатын.

Өткен айда Алматы облысы Талғар қаласында қол күрес спортынан кіл мықтылар жиналған. Яғни аталмыш спорт түрінен Қазақстан чемпионаты болып өтті. Осы жарысқа Төлеген ауданның ғана емес аймақтың атынан сынға түсті. Ол №5 Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының шәкірті. Ұстазы Нұрсерік Қуатбаевтан шыңдалып шыққан үздік шәкірттердің бірі. Алматы облысындағы өткен аталмыш додада бағын сынаған ол қарсылас шақ келтірмей, жеңістің биік тұғырына шығады. Тұла бойындағы қара күшіне тәнті болған жарыс ұйымдастырушылар болашағынан зор үміт күтетінін жасырмайды. Чемпионаттың үздігі саналған жерлесіміз алдағы уақытта Қазақстан Республикасының атынан қол күрестен осы жылы маусым айында Өзбекстанда өтетін Азия чемпионатына жолдама алды. Сонымен қатар, білекті жігіт қыркүйек айында Грузия елінде өтетін Әлем чемпионатына да шақырту алғанын мақтанышпен айтуға болады. Енді ол облыстың емес еліміздің намысын қорғайтын спорт саңлақтары санатында.

Қарапайым ғана отбасынан шыққан спортшының болашақта даңқты боларына сенім мол. Өйткені ол өте еңбекқор жан. Талпынысы таудай. Алдыға үлкен, биік мақсаттар қойып отыр, — дейді жаттықтырушысы. Ендеше бізде Төлегеннің таудай талабына дәйім жеңістің шыңдарын тілейміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.