ТӨРЛЕТ, ӘЗ НАУРЫЗ!

0

Бүгін, 21 наурыз – көктемгі күн мен түннің теңелу күні. Қытымыр аяз бен қара суықтың орнына жайма-шуақ ауа райы орнап, мыңдаған шақырымды еңсерген құстар аяулы ұяларына қайтып оралатын, тіршілік атауы жанданып, мұз құрсауында қалған өзен-көлдер еріп, қуаттана түсетін берекелі маусым – Наурыз мейрамы. Қордай ауданында бұл ұлы мереке Президент Қ.Тоқаевтың ұсынған тұжырымдамасы бойынша бірнеше күн тойланды. Осылайша, әр күнді түрлі форматта тойлап өткізген тұрғындар жексенбі күні аудандық Мәдениет үйінде жиналды.

Жауын-шашын және қазіргі ахуалға байланысты қатаң санитарлық талаптарға мән берілуіне қарамастан Наурыз мейрамының қуанышы аз болмасы сезілген-ді. Мәдениет ошағына келген қыз-келіншектер көздің жауын алатындай ұлттық киімдерін, ал ер азаматтар қазақи шапандарын киіп ұлы мейрамның маңыздылығын арттыра түскендей.
Мәдениет үйінің фоесінде ауданның этно-мәдени бірлестіктерінің өкілдері дастархан жайып, ұлттық тағамдарын қойып, келген қонақтарды қарсы алды. Мерекеге келген аудан әкімі Рүстем Дәулет әр этно-мәдени бірлестігінің өкілдерін құттықтап шығып, астан дәм татып, ізгі тілектерін жеткізді.
Осыдан кейін көпшілік залдағы орындарына жайғасып, бар назарын сахнаға салды. Сахна төрі өзгеше қызық. Әуелете ән айтылып, күй шертіліп, көріністер қойылып көңіл қошын көтерді. Ұлттық киімдері жарасып бар өнерін ортаға салған өнерпаздар жұртты өздеріне үйіріп алды.
— Ал, халайық! Енді Ұлыстың ұлы күні ата салтымыз бойынша ортамызға Қызыр бабамызды шақырайық. Қызыр баба баршамызға ақ тілек, оң батасын берсін! – делінген соң сахнаға Қызыр ата көтеріліп, барша қауымға ақ тілегін арнап, батасын берді. Төгілте қазақи әсем киім киген әжейлер шашу шашты.
Жиналған қауымның алдына аудан әкімі шығып, құттықтап сөз сөйледі.
— Құт-берекенің бастауы болған көктем мерекесі сіздерге және отбасыларыңызға ырысы мен байлығын, бақыты мен ынтымағын әкелсін. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын, — деген Рүстем Рысбайұлына көпшілік қошеметін білдірді.
Концерттік бағдарлама әрмен қарай жалғасып, жиналғандарға керемет әсерлі көңіл-күй сыйлады. Сөйтіп, бұл күн халықтың ақ пейіліндей ақжарқын қуанышпен өтті.

Еркін Қатбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.