Жаңа жылдық шырша шаттығы

0

Жаңа жыл – балалардың жыл бойы асыға күтетін басты
мерекесі. Бүлдіршіндерді шаттыққа бөлеп, ғажайып әлемге жетелейтін
бұл күн жылдағы дәстүрге сай биыл да аталып өтті.
Арнайы ұйымдастырылған аудан әкімінің
Жаңа жылдық шыршасына барлығы 150 балғын қатысты.
Нақтырақ айтсақ, мерекелік шараны ата-ана қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ оқуда озат, түрлі байқауларда жеңіске жеткен дарынды оқушылар тамашалады. Аталмыш шараға аудан әкімі Бегзат Болатбеков ортақтасып, бүлдіршіндерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтады: «Қымбатты жас достар! Міне, Сіздер осындай тәуелсіз, даму жолына түскен бақуатты елде өсіп келе жатқан бақытты балаларсыздар. Сіздер – еліміздің келешегісіздер. Сондықтан да бүгінде елімізде балалар үшін, ел игілігі үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Жаңа мектептер мен тұрғын үйлер, емханалар, спорттық кешендер мен мәдени орындар салынуда. Әсіресе, білім беру ошақтарын қажетті жабдықтармен қамту жұмысына ерекше мән беріліп келеді. Осындай игі істердің барлығы келешекте жастар жақсы оқып, салауатты өмір салтын қалыптастырып, Отанымызды сүйетін, нағыз мықты азамат болып шығу үшін жасалып отыр. Осы жауапкершілікті жіті түсіне отырып, әрдайым зерделі де зерек, білімді де білікті болыңыздар»,- деген аудан басшысы қордайлық жас өрендерге жаңа жылда жаңа табыстарға жетулерін тіледі.
Қордайлық балақайлар биылғы Жаңа жылдық той-думанға ерекше дайындалыпты. Кішкентай арулар ханшайым көйлектерін, ұлдар батырлардың, сүйікті кейіпкерлердің костюмдерін киіп, тіпті арасында ұлттық киімдермен келгендері де бар. Мерекенің негізгі кейіпкерлері Аяз ата мен Ақшақарды көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алған балғындар шыршаны айнала ән салды. Сондай-ақ, Аққала, Санта секілді кеш қонақтарымен би билеп, қызықты ойындар ойнап, өнерлерін ортаға салды. Ал жасыл шырша жанына жиналған әйгілі мультфильмдер мен ертегі кейіпкерлері ғажайыпқа толы қойылымдар көрсетті. Осылайша сиқырлы әлемге саяхаттап, ерекше күйге бөленген балалар мерекелік шараның соңында тәтті толы сыйлықтарға ие болып, жүздері балбұл жанды.
Айта кетейік, аталмыш мерекелік шараға арналған бағдарламаны аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы дайындаған.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.