Қордай ауданында ауыл шаруашылығы алқаптарын зиянкестерден қорғау бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Әсіресе көктем мен жаз мезгілдерінде белсенділігі артатын шегірткеге қарсы күрес – аудандағы ең өзекті мәселелердің бірі. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар облыстық және республикалық деңгейде ұйымдастырылып, арнайы штабтар мен жұмысшы топтары құрылған.
Жамбыл облысы әкімінің өкімімен 2025 жылы Қордай ауданы аумағында аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы күрес шараларын үйлестіретін облыстық штаб жасақталды. Штабтың негізгі мақсаты – зиянкестердің таралуын дер кезінде анықтап, олардың ауыл шаруашылығы саласына тигізетін залалын азайту.
«Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ Қордай филиалының мәліметіне сәйкес, аудан аумағында саяқ шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жүргізілуі тиіс 3000 гектар жер анықталған. Жалпы 9 мың гектар аумақ зерттеліп, оның ішінде Экономикалық зияндылық шегінен асқан алқаптар тіркелген. Оның ішінде Бетқайнар ауылдық округінде 387,5 гектар, Қақпатас ауылдық округінде 345 гектар, Сарыбұлақ ауылдық округінде 637,5 гектар, Степное ауылында 250 гектар, Ауқаттыда 405 гектар, Жамбыл ауылында 275 гектар, Қасықта 175 гектар, Қордай ауылында 150 гектар және Масанчи ауылында 375 гектар жер химиялық өңдеуге жатады.
«Саяқ шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жергілікті атқарушы орган бөлген қаражат есебінен жүзеге асырылып жатыр. Бұл жұмыстарды жеке кәсіпкер «Бағжан» атқаруда. Ал, ауыл шарушылығы бөлімі аталмыш жұмыстардың тиімді әрі сапалы жүруін қадағалайтын болады. Саяқ шегіркелердің қауіпі үйірмен жүретіндерден кем соқпайтыны қазір баршаға аян. Сол себепті де қазіргі таңда фитосинатриялық жұмыстарға бөлім тапынан аса мән берілуде, — дейді ауыл шарушылығы бөлімінің статисті Ғалымжан Оспанов.
Қазақстан аумағында шегіртке тектес зиянкестердің 270-тен астам түрі кездеседі. Алайда олардың 10-15 түрі ғана ауыл шаруашылығына аса қауіпті болып саналады. Соның ішінде азиялық шегіртке мен итальяндық прус ерекше зиян келтіреді. Мамандардың айтуынша, шегіртке егін алқаптарын ғана емес, жайылымдық жерлер мен шабындықтарды да жойып жібереді. Әсіресе мал шаруашылығымен айналысатын ауыл тұрғындары үшін бұл үлкен қауіп.
Кейбір деректерге сүйенсек, шегіртке жеп кеткен жайылым шөбі 3-4 жылға дейін қалпына келмеуі мүмкін. Мұндай жағдай мал азығының тапшылығына әкеледі. Сондықтан зиянкестердің таралуына қарсы уақытылы күрес жүргізу аса маңызды.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Қордай аудандық аумақтық инспекция басшысы Талант Әлмежановтың айтуынша, биыл аудан бойынша итальяндық прусқа қарсы жалпы 10 940 гектар аумақ химиялық өңдеуден өтпек екен. Оның ішінде әуе күшімен 3000 гектар, жерүсті техникалары арқылы 3600 гектар, аэрозоль инжекторлары арқылы 3540 гектар және дрон көмегімен 800 гектар алқап өңделеді. Ал, Морокко шегірткесіне қарсы 5825 гектар жер дәріленіп үлгерген.
Дронмен дәрілеу жұмыстарын «Фитосанитария» РМК жүргізсе, жерүсті техникалары арқылы өңдеу жұмыстарын «Бағжан» ЖК қолға алған. Қажет жағдайда әуеден өңдеу жұмыстарын «Dab Aira Service» компаниясы жүргізеді.
Мамандар зиянкестердің көбеюіне бірнеше фактор әсер ететінін айтады. Біріншіден, шегіртке – көшпелі зиянкес. Ол бір ауданнан екінші ауданға, тіпті шекаралас мемлекеттер аумағына да еркін тарала алады. Сондықтан күрес шаралары кешенді түрде жүргізілуі тиіс. Екіншіден, климаттың өзгеруі де әсер етуде. Ғаламдық жылыну, жауын-шашынның азаюы, жайылымдардың құрғауы мен су тапшылығы зиянкестердің көбеюіне қолайлы жағдай қалыптастырады.
Соңғы жылдары Үкімет тарапынан бұл салаға бөлінетін қаржы көлемі де ұлғайып келеді. Мәселен, 2022 жылы шегірткемен күреске 2,5 миллиард теңге бөлінсе, 2023 жылы 3,8 миллиард теңге, ал биыл 8,1 миллиард теңге қарастырылған. Бұл мемлекет тарапынан шегірткеге қарсы күреске ерекше назар аударылып отырғанын көрсетеді.
Қазақ халқында «Шегірткеден қорыққан егін екпес» деген нақыл сөз бар. Расында да, табиғаттың мұндай сынағына қарамастан, диқандар еңбегін тоқтатпайды. Мемлекет тарапынан қажетті қолдау көрсетіліп жатқандықтан, шегірткеге қарсы күрес жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса береді.
Жандос ОМАРОВ