Аудан спортын алға cүйреген жандар

0

Жас спортшыларды жеңіске жетелейтін жандарға жақында құрмет көрсетілді. Ауданымызда талай жеткіншектерді салауатты өмір салтына баулып, чемпион шығарған екі азамат лайықты марапаттарға ие болды. Республикалық «Спорт жұлдыздары» ғылыми-әдістемелік патриоттық журналының редакция алқасының шешімімен аймағымызға белгілі жаттықтырушылар Мықтыбек Алтыбай «Спорт ардагері» медалімен, ал Мұхтар Ізбасаров «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Талай саңлақтардың бағын ашып, дүбірлі додаларға қосқан қос азамат туралы осы орайда аз-кем сөз ете кеткен жөн болар.
«Спорт ардагері» атағын алған Алтыбай Есжанұлы 1953 жылы өмірге келген. Балалық шағы Соғанды ауылында өтіп, орта білімді Успеновка ауылы, қазіргі Бетқайнарда алған. Жастайынан еркін күрес және қазақ күресімен шұғылданып, сол кезде ұйымдастырылған жарыстарда талай рет топ жарған. 1982 жылы дене шынықтыру және спорт институтын бітірген соң еңбек жолын №7 кәсіптік техникалық училищеде өндірістік оқыту шебері жұмысынан бастаған. Білікті маман ретінде ауылдық комсомол ұйымын басқарған, кейіннен балалар мен жастар спорт мектебінің жаттықтырушысы болып, осы салаға ден қоя бастайды. Сол кездің өзінде көптеген жастарды спортқа жетелеп, күрестен чемпиондар мен жүлдегерлер дайындайды. Жаттықтырушылық жұмыспен қатар ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Сарыбұлақ кеңшарында кәсіподақ ұйымының төрағасы, одан кейін Сарыбұлақ ауылдық кеңесінің төрағасы, әкімі қызметін атқарған. 2007-2010 жылдар аралығында Отар ауылдық округі әкімінің орынбасары, аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы қызметтерін атқарып, аудан спортын алға сүйреген. Алтыбай Мықтыбек ауданымызда қазақ күресінің дамуына үлкен үлес қосқан азамат ретінде белгілі. 2010 жылдан бастап арнайы бөлім ашып, төл спортымызға жастарды тарту, оларды жаттықтырып, биік белестерге жетелеуде алдына жан салмаған жан. Бүгінгі күнде Мықтыбек ағаның шекпенінен шығып, жеңісті жолдарымен ел атағын абыроймен қорғап жүрген спорт саңлақтары жетерлік. Олардың ішінде халықаралық, республикалық турнирлер мен біріншіліктерде жеңіс тұғырының бірінші сатысына көтеріліп жүрген Кеңес Марат, Данияр Ұлданбек, Данил Федоров, Ербол Тасанов бастаған көптеген жігерлі жігіттерді атауға болады.
«ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», «ҚР Конституциясына 10 жыл» мерекелік медальдарының иегері Мықтыбек Алтыбайдың қорына енді «Спорт ардагері» медалі қосылып отыр. Бұл еңбектің бағаланғаны, төккен тердің қайтарымы деп түсінген абзал.
«Спорт жұлдыздары» ғылыми-әдістемелік патриоттық журналының редакция алқасының шешімімен тағы бір жерлесіміз, еркін күрестен небір мықтыларды жарыққа шығарған Мұхтар Ізбасаров «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталғаны туралы жоғарыда айтып өттік. Мұхтар ағаны ауданда, жалпы аймағымызда өте мықты маман ретінде спортсүйер қауым жақсы біледі. Мұхтар аға да Алматыдағы атақты дене шынықтыру және спорт институтының түлегі. 37 жыл жаттықтырушылық өтілі бар азаматтан тәлім алсам дейтін жастар әлі де жетерлік. 16 жыл спорт мектебінде директорлық қызмет атқарған ол 1998 жылы еркін күрестен Англияда өткен әлем чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізген Төлеген Ақылбеков сынды азаматтың жаттықтырушысы болған жан. Сонымен қатар, халықаралық дәрежеде өткен турнирлерде жүлдегер атанған Қуаныш Сүлейменов, Шыңғыс Ізбасаровтардың жасындай жарқырауына жол ашқан. Мұхтар Ізбасаровтың ондаған шәкірттері Қазақстан Республикасының чемпионы атағын бірнеше рет жеңіп алғанын ерекше атап өтуге болады. Бүгінгі таңда Сарыбұлақ ауылындағы №5 балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының директоры қызметі мен еркін күрес педагогы қызметін қатар алып келеді.
Ауданымызда спортты дамытуға сүбелі үлес қосып, шәкірт тәрбиелеп, жеңісті жолға салған қос азаматты марапаттарымен құттықтаймыз.

Ж.Омаров

Leave A Reply

Your email address will not be published.