16-20 қаңтар аралығында Талдықорған қаласында дзюдодан «Қысқы демалыс» атты Республикалық турнир өтті. Аталмыш спорт сайысына еліміздің түкпір-түкпірінен келген 1000-ға жуық спортшы қатысты.
Республикалық турнирде Қордай ауданының намысын қорғаған Гвардейск қалашығынан келген спортшы Буралкинова Шариз жүлделі ІІІ орынды жеңіп алып, дзюдо күресінен ҚР спорт шеберіне үміткер дәрежесіне ие болды.
Буралкинова Шариз – Отар ауылындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт клубының тәрбиеленушісі. Республика деңгейінде өткен жарыста жүлделі орын иеленген жас дзюдошы жаттықтырушысы Бегжанов Байрам ағайға алғысын айтады. «Жеткен жетістіктеріміз жаттықтырушымыздың ерен еңбегінің нәтижесі деп білемін. Алдағы уақытта бұдан да жақсы нәтиже көрсетуге тырысатын боламын»,-дейді Шариз.