Таяуда аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынға кеңес төрағасы Нұржан Молдабеков төрағалық етті. Отырысқа кеңес мүшелері, аудан әкімдігінің жауапты бөлім басшылары және сала өкілдері қатысты.
Кеңес отырысының күн тәртібіне ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, бюджеттік жоспарлау жұмыстарының нәтижелеріне және ауылдық елді мекен тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты маңызды тақырыптар енгізілді. Атап айтқанда, аудан бойынша нысаналы индикаторларға қол жеткізу бағытындағы жұмыстардың нәтижелері, ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамту бойынша атқарылып жатқан шаралар және өзге де өзекті мәселелер қаралды. Жиын басында Қоғамдық кеңес төрағасы Нұржан Молдабеков күн тәртібін қатысушылардың назарына ұсынып, оған қатысты ұсыныс-пікірлерін сұрады. Қатысушылар тарапынан қосымша ұсыныстар түспеген соң, күн тәртібі бірауыздан мақұлданып, отырыс ашық деп жарияланды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің аудан көлеміндегі нысаналы индикаторларға қол жеткізу бағытында атқарған жұмыстарының нәтижелері талқыланды. Бұл мәселе бойынша Бюджет, қаржы және құрылыс, көлік және коммуналдық шаруашылық салаларын қолдау мәселелері жөніндегі комиссия мүшесі Еркін Абилдаев баяндама жасады. Баяндамашы өз сөзінде аталған бағыттағы жұмыстарға тоқталып, ауданның даму көрсеткіштері мен белгіленген нысаналы индикаторлардың орындалу барысы жөнінде мәлімет берді. Осы мәселе аясында кеңес мүшелері тарапынан қойылатын сұрақтарға аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Светлана Абдужалиева жауап берді. Ол қатысушыларға бөлімнің жұмысы мен көтерілген мәселелер бойынша түсініктемелер беріп, қойылған сауалдарға жауап ұсынды.
Талқылау қорытындысында күн тәртібіндегі мәселе бойынша әзірленген шешім жобасы кеңес мүшелерінің назарына ұсынылды. Қатысушылар тарапынан қосымша ұсыныстар мен толықтырулар болмағандықтан, шешім жобасы дауысқа салынып, бірауыздан мақұлданды.
Одан кейін күн тәртібіндегі екінші мәселе – аудандағы ауылдық елді мекен тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар қаралды. Бұл мәселе бойынша Аграрлық саясат, табиғатты және жер ресурстарын пайдалану, техногендік үрдістер, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі комиссия хатшысы Еркін Абилдаев баяндама жасады. Ауыз сумен қамтамасыз ету – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін, әлеуметтік маңызы жоғары мәселелердің бірі. Әсіресе ауылдық елді мекендерде ауыз судың қолжетімділігі, оның сапасы, су жүйелерінің тұрақты жұмыс істеуі және инфрақұрылымның жай-күйі ерекше назар аударуды қажет етеді. Бұл ретте, аудан көлемінде сумен жабдықтау саласындағы жұмыстардың жүйелі жүргізілуі мен тұрғындардың өтініш-тілектеріне дер кезінде назар аудару маңызды. Баяндама аяқталғаннан кейін кеңес мүшелерінің сұрақтарына «Қордай Су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Жамбыл Қойшыманов жауап берді. Ол су шаруашылығы саласына қатысты көтерілген мәселелер бойынша түсініктеме беріп, қатысушылардың сауалдарына жауап ұсынды. Талқылау барысында ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту мәселесінің маңыздылығы тағы да атап өтілді. Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижелі болуы үшін жауапты мекемелердің өзара үйлесімді қызмет атқаруы, су жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және тұрғындар алдындағы жауапкершілікті арттыру қажеттігіне басымдық берілді. Себебі сапалы ауыз су – тек тұрмыстық қажеттілік қана емес, халықтың денсаулығы мен елді мекендердің тұрақты дамуының негізгі алғышарттарының бірі. Екінші мәселе бойынша да әзірленген шешім жобасы кеңес мүшелерінің қарауына ұсынылды. Қосымша ұсыныстар мен толықтырулар болмағандықтан, шешім жобасы дауысқа салынып, бірауыздан бекітілді.
Отырыс барысында қоғамдық бақылаудың, жауапты мекемелер қызметінің ашықтығы мен есептілігінің маңыздылығы да назардан тыс қалмады.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ