Қордай ауданында ауылдық елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдарды дамытуға қатысты тапсырмалары аясында қолға алынған игі бастамалар бүгінде нақты нәтижесін көрсетіп келеді.
Соның бір айқын көрінісі – ауданға қарасты Үлкен Сұлутөр ауылында заманауи спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, жаңа нысанның ел игілігіне берілуі. Ауыл тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік нысанның бой көтеруі – көптен бері айтылып, халық тарапынан қолдау тапқан ұсыныстардың бірі. Бұған дейін ауыл жұртшылығы спорттық инфрақұрылымды дамыту, әсіресе жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беретін заманауи нысан салу қажеттігін көтерген болатын. Тұрғындардың ұсыныс-пікірлері ескеріліп, тиісті жұмыстар қолға алынды. Жаңа спорттық-сауықтыру кешенінің ашылу салтанатына Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков қатысып, ауыл тұрғындарын көптен күткен нысанның пайдалануға берілуімен құттықтады. Өз сөзінде аудан басшысы ауылдық жерлердің әлеуметтік әлеуетін арттыруда спорт нысандарының маңызы зор екенін атап өтті.
«Бүгін Үлкен Сұлутөр ауылының тұрғындары үшін ерекше қуанышты күн. Көптен күткен спорттық-сауықтыру кешені ел игілігіне беріліп отыр. Жаңа нысан тек Үлкен Сұлутөр ауылының ғана емес, көршілес елді мекендердің де тұрғындарына қызмет көрсетіп, әсіресе жастардың спортпен тұрақты айналысуына кең мүмкіндік береді деп сенемін. Спорт – денсаулық кепілі, ал дені сау ұрпақ – ел болашағы. Сондықтан осындай игілікті бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады. Жаңа кешен құтты болсын! Ауыл тұрғындарының игілігіне ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, талай спортшының түлеп ұшуына жол ашсын!» – деді аудан әкімі.
Ауыл ақсақалы Мұқан Алтынбеков сөз сөйлеп, осындай игі істі атқарып шыққан аудан басшылығына алғысын жеткізді.
Салтанатты шарада, ауылдастармен бірге Қордай ауданының «Құрметті азаматы» Серік Ермеков, Жуатхан Өмірзақов, Сәрсен Рамазанов лента қию рәсіміне қатысты.
Құрылыс жұмыстарына аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі тапсырыс беруші болса, мердігер мекеме ретінде «Қаратау құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыс жүргізді. Жобаның сәтті жүзеге асуы ауылдық жерлердегі әлеуметтік маңызы бар нысандардың қатары толығып, тұрғындардың сұранысына сай инфрақұрылым қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.
Жаңа спорттық-сауықтыру кешені тек Үлкен Сұлутөр ауылының ғана емес, көршілес Сұлутөр мен Көктөбе елді мекендерінің тұрғындарына да қызмет көрсететін болады. Әсіресе, спортқа қызығатын жасөспірімдер мен жастар үшін бұл – дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысуға, спорттық қабілеттерін шыңдауға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға жасалған қолайлы мүмкіндік.
Айта кетерлігі, жаңа нысанның ашылуы әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартумен қатар, ауылдағы жұмыспен қамту мәселесіне де өз үлесін қосады. Алдағы уақытта кешеннің қызметін ұйымдастыру барысында 20 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделіп отыр.