19 мамыр күні аудан әкімдігінде аудандық прокуратураның ұйытқы болуымен ведомствоаралық жиналыс өтті. Жиынға аудан әкімі Мәден Мұсаев, аудан прокуроры Руслан Алишев, аудан әкімі аппаратының қызметкерлері, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Күн тәртібіне екі мәселе енгізіліп, олар жан-жақты талқыланды.
Жалпы, адам өмірі ең басты құндылық. Сол себепті, азаматтардың бостандығы, олардың қауіпсіздігі мен құқығының қорғалуы, қала берді жалпы тәртіптің сақталуы еліміздегі маңызды мәселелердің бірі саналады. Осыған орай, аудандық прокуратура өкілдері кездесу барысында қылмыстардың орын алу себептеріне тоқталып, оның алдын алуға бағытталған негізгі шараларға ден қойды. Аудан прокурорының орынбасары К.Бекмұратов өз кезегінде жоғарыда аталған мәселелерді талдау нәтижелерін ұсынып, баяндамасында ауданда жасалған қылмыстар саны өскенін атап өтіп, нақты мысалдар келтірді.
-Құқық бұзушылықтың алдын алу жергілікті полиция қызметі мен атқарушы билік органдарының негізгі міндеті болып табылады. Талдауымыз көрсеткендей, бұл саладағы жұмыс тиісті деңгейді жүргізілмейді. Өйткені жалпы криминогендік жағдай жақсарғанымен, жеке санаттар бойынша өсім байқалады, — деді К.Бекмұратов.
Баяндамашының айтуынша, талдау жасалған кезеңде ауданда ішімдік ішкен тұлғалар тарапынан 24 қылмыс жасалған. Оның ішінде кінәлі болып танылған 5 қылмыскер алкогольді ішімдікті арнайы рұқсаты жоқ дүкеннен сатып алып, қылмысты түнгі уақытта жасаған. Сонымен қатар, кәмелеттік жасқа толмағандардың арасында орын алатын қылмыс мәселесі талқыланды. Жасөспірімдер жасаған қылмыстар саны азайғанымен, балалардың қатысуымен жаппай төбелестер саны айтарлықтай өскен.
К.Бекмұратов бұл мәселеге аса назар аударудың қажеттілігін алға тартып, құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында түнгі уақытта аумақтарда патрульдеу жүргізетін полиция қызметкерлерінен тұратын топ құруды ұсынды.