Бірлігі жарасқан әулет

0

Гвардейск гарнизонындағы Құрлық әскерлері Оқу орталығының әскери қызметшілері Нұрдос пен Гүлнәзира Нәшірәлиевтің отбасында болып, Шаңырақ күнімен құттықтады.

Оқу орталығы командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Бақытжан Сералиев Нәшірәлиевтер отбасына командирдің алғыс хатын табыс етті.

 – Отбасы – мемлекеттің іргетасы. Бұл кісілердің өмір жолы жастарға үлгі. Әр шаңырақ биік, тұғыры берік бола берсін, – деді ол.

Нұрдос Нәшірәлиев пен майор Гүлнәзира Самашованың бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқандарына биыл 20 жыл толады.

Нұрдос пен Гүлназира 2004 жылы әскерде қызмет етіп жүріп танысып, отау құрған. Бүгінде үлгілі отбасы 4 ұл бала тәрбиелеп отыр. Шаңырақтың үлкені Дінмұхамед Алматы қаласындағы Сәтпаев университетінің студенті. Әскери кафедрада оқып жатқан ол да болашақта ата-анасы секілді әскери қызметші болғанды қалайды. Екінші ұлдары Сұлтанәлі Алматы аграрлық колледжінде білім алып жатыр. Дархан 4 сыныпта оқыса, 2 жасар Рамазан балабақшаға барады.

Запастағы капитан Нұрдос Нәшірәлиев 2001 жылы Қазақстан құқықтану және халықаралық қатынастар институтын «заңгер» мамандығы бойынша бітірген соң Қарулы күштер қатарына шақырылған. Келісімшартпен тәрбиеші офицер болып қызмет етіп, запасқа шыққан. Қазір жеке кәсіппен айналысады.

Гүлнәзира 2000 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. 2001 жылы Қарулы күштер қатарына шақырылған. Бүгінде Құрлық әскерлерінің кіші мамандар дайындайтын Оқу орталығында идеология және арнайы насихат жөніндегі аға офицер болып қызмет істеп келеді.

Мерекелік дастархан басындағы жылы шырайлы жүздесуде отбасы татулығы, ата-ана мен баланың және ерлі-зайыптылардың арасындағы сүйіспеншілік сезімі туралы әңгіме болды.

Меймандар Нәшірәлиевтер отбасына амандық, өркендеу және барлық бастамаларына сәттілік тіледі.

Гвардейск гарнизонының 

баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.