ДОСТЫҚТЫҢ НЕГІЗІ БІРЛІКТЕ

0

Татулық пен достықтың туын желбіреткен ауқымды іс-шара бейсенбі күні Масаншы ауылдық округінде жалғасын тауып, акцияға Қарасай, Еңбек, Қаракемер, Ауқатты, Сортөбе, Қарасу, Өтеген, Күнбатыс ауылдарының мешіт жамағаты мен имамдары, ауыл жастары мен ақсақалдар қауымы қатысты.

Ең әуелі ауылдың орталығындағы «Мәдина» мешітінің маңайына жасыл желек егуден басталған іс-шараға қалың көпшілік көптеп жиналды. Осылайша игі іске үлесін қосып, ауылды көркейтуге атсалысқан жамағат осыдан кейін ауылдық мәдениет үйіне жиналып, онда музейді аралай келе ауыл балақайлары ұйымдастырған салт-дәстүр көріністеріне куә болды. Осы сәтте масаншылықтар келген қонақтарды орталықта ұйымдастырылған концерттік бағдарлама мен спорттық ойындарды тамашалауға шақырды. Айта кетсек, салтанатты шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет пен ауданның бас имамы Асқар Сатылғанов игі іске өз үлесін қосқан азаматтарға алғысын білдірсе, Асық Валиев, Ноғай Жайықбаев, Әбікен Сейілханов, Абдулкарим Воинце сынды қариялар қатысушыларға ақ батасын беріп, бірлікте, достықта болуға шақырды. Осыдан кейін қалың көпшіліктің арасында шағын футболдан жарыс ұйымдастырылып, ауылдық мешіттің асханасына кең дастархан жайылды. Әлібек Оспанов

Leave A Reply

Your email address will not be published.