ТҮНГІ ТЫНЫШТЫҚТЫ БҰЗАТЫНДАРҒА ҚАШАН ТЫЙЫМ БОЛАДЫ?

0

Облыстық «Ақ жол» газетінде журналист Қамар Қарасаева осы тақырып төңірегінде ой қозғап, мамандарды сөзге тартыпты. Бұл мәселе ауданымызда да бар екені жасырын емес. Ендеше мақалаға тоқталып өтсек.

 

«Тұрғындар қалың шоғырланған қалаларда түнгі тыныштықты бұзатындардың өрескел әрекеттері көпшіліктің мазасын алып қана қоймай, денсаулығы күтімді қажет ететіндерге зиянын да тигізіп жүр. Елімізде түнгі мезгілде тыныштық сақтауды талап ететін заң бар, алайда өздерінің 10-15 минуттық қуаныштары үшін көпшіліктің мазасын қашыратындар тыйылмай тұр. Жаз, қыс демей, күнде түнгі сағат 24.00 жақындағаннан бастап тарсылдата отшашу атып, айғайлатып музыка қойып, шуылдасып туған күнмен құттықтайтындар әбестіктің шегінен асып барады.

Елімізде түнгі тыныштықты бұзу әрекеттері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 437-бабымен реттеледі. Заң бойынша тұрғын үйлер мен оған жақын аумақтарда белгіленген уақытта қатты музыка қоюға, жөндеу жұмыстарын жүргізуге және өзге де мазаны алатын шу шығаруға тыйым салынады. Бұл талап жұмыс күндері сағат 22:00-ден таңғы 09:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері сағат 23:00-ден азанғы сағат 10.00- ге дейін сақталуы тиіс. Бірақ бізде заңның бұл талабы сақталып жүрген жоқ», — дейді автор.

Расында, қазір тек үлкен қала емес Қордай ауылындағы да бұл мәселе өткір тұр.

– Жасым 70-ке таяп қалды. Әрине, егде тартқан сайын денсаулыққа көп күтім керек. Дәрігердің берген кеңесімен түнгі сағат 22.00-ден кешікпей ұйықтауым керек. Уақтылы тыныш ұйқының да адам денсаулығында алар рөлі зор. Сондықтан сол мезгілде төсекке жатамын, бірақ түн ортасында ауладағы тарсылдатып шуылдағандардың кесірінен шошып оянамын. Жақында келінім босанған, тәтті ұйқыдағы немерем де сондай сорақылықтың кесірінен шошынып, жылайды. Жұрттың мазасын алатын мұндай сойқандарды ешкім тыя алмайды ма? Өз үйімізде тыныш демала алмаймыз ба? Елімізде қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалайтын, азаматтардың құқығын қорғауда қызмет ететін полиция бар емес пе? Неге біз әлі күнге есерлердің зиянын тартып жүрміз? – дейді Роза Тәңірбергенқызы есімді кейуана, деп пікірін білдіріпті тұрғын.

Бізде де осындай жандар аз емес, кейінгі жылдары көп қабатты үйлер қатары артқанын білеміз, ендеше ойланар дүние.

Көкейдегі осы сауалдың жауабын іздеп облыстық полиция департаментіне хабарластық, дейді журналист.

– Түнгі уақытта азаматтардың тыныштығын бұзу фактілеріне полиция тарапынан тиісті ден қою шаралары қабылданады. Атап айтқанда, түнгі уақытта қатты музыка қою, салют ату және азаматтардың тыныштығын бұзатын өзге де әрекеттер анықталған жағдайда, полиция қызметкерлері оқиға орнына барып, құқық бұзушылықты тоқтатады, мән-жайын анықтайды және қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға береді. Тыныштықты бұзған тұлғалар ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабында көзделген тәртіппен әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар азаматтарға түнгі тыныштықты сақтау талаптары түсіндіріліп, мұндай құқық бұзушылықтарға жол бермеу бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Жыл басынан бері облыс аумағында азаматтардың тыныштығын бұзғаны үшін ҚРӘҚБтК-нің 437-бабы бойынша 1 168 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аталған көрсеткіш полицияның түнгі уақытта тыныштықты бұзу фактілерін анықтауға және олардың жолын кесуге бағытталған жұмыстарының нәтижесін көрсетеді. Әрбір келіп түскен хабарлама бойынша тиісті тексеру жүргізіліп, құқық бұзушылықтың сипатына қарай заңда көзделген шаралар қабылданады. Бұл бағыттағы профилактикалық және құқық бұзушылықтардың жолын кесу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп тұрады және полиция бөлімшелерінің бақылауында, – дейді Жамбыл облысы полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Алишер Қалышев.

Полиция өкілі сөзінің жаны бар, алайда осы бойынша Қордайда жауапқа тартылғандар бар ма екен? Осы сұрақ ойландырмай қоймайды.

«Қоғамдық тәртіптің сақталуына тұрғындар өзіміз де атсалысуымыз керек-ақ. Көп ішінде есерсоқтардың болатыны белгілі, ондайды жөнге салу үшін әлгіндей тыныштықты бұзған жайтқа куә болғанда тәртіп сақшыларына қоңырау соғып, заңсыздық туралы хабардар еткеніміз жөн. Жақынын туған күнімен құттықтағысы келетіндер қалың елмен бірге өмір сүріп жүргендерін ескеріп, тілектестігін таң атқаннан соң жеткізсе де ештеңеден құр қалмайды. Тек түн ортасында құттықтау керек деген талап жоқ, бір адамның қуанышынан қалың халықтың тыныштығы қымбат екенін қаперде сақтайықшы», — сөзін сабақтауда автор.

Қосылмай қою мүмкін емес. Қалай ойлайсыздар!

Жандос Омаров

Leave A Reply

Your email address will not be published.