Отбасы – адам баласының алтын бесігі, мемлекеттің берік діңгегі. Ал өнер мен білім қатар дарыған шаңырақ – тек бір әулеттің ғана емес, тұтас елдің мақтанышы. Жақында аудан көлемінде өткен «Шығармашыл отбасы» байқауында Қордай ауданының Ауқатты ауылынан қатысқан Бейімбет Секиев пен Нұрила Қанатбекқызының отбасы бас жүлдені жеңіп алып, аудан жұртшылығының зор қошеметіне бөленді.
Бұл әулет – берекелі көпбалалы отбасының жарқын үлгісі. Нұрила Қанатбекқызы Ауқатты ауылындағы Әлихан Бөкейхан атындағы орта мектептің математика және информатика пәндерінің оқытушысы. Отағасы Бейімбет Секиев екеуі алты перзент тәрбиелеп отыр. Ұрпақ тәрбиесін бірінші орынға қоятын отбасы балаларының бойына еңбекқорлықты, білімге құштарлықты және өнерге сүйіспеншілікті сіңіріп келеді.
Отбасының тұңғыштары Алина мен Нұрайым жоғары оқу орнында білім алып жүр. Үшінші қыздары Дана колледждің 1-курс студенті. Ал мектеп оқушылары Бекнұр, Әсемай және кенже қыздары Асылым да өздерінің ізденімпаздығымен ерекшеленеді. Әрқайсысы білім мен өнерді қатар алып жүруге талпынып келеді.
Нұрила апайдың ұстаздық жолы көптеген шәкірттерге үлгі. Оның нақты ғылымдарға деген қызығушылығы мен кәсіби біліктілігі балаларына да оң әсерін тигізген. Отбасындағы балалардың барлығы математикалық есептерді шешуге бейім, түрлі олимпиадалар мен білім бәйгелерінде жақсы нәтижелер көрсетіп жүр.
Бұл шаңырақтың ерекшелігі – білім мен өнердің қатар дамуы. Әсіресе, Әсемайдың биге деген қызығушылығы ерекше. Ол «Аққу» халықтық би ансамблінің «Өнерім саған – Тәуелсіз елім» атты шығармашылық кешінде өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Оның сахнадағы еркіндігі мен шеберлігі көпшіліктің назарын аударды.
«Шығармашыл отбасы» байқауында отбасы мүшелері өз өнерлерін, шығармашылық қабілеттерін және ұйымшылдықтарын жоғары деңгейде көрсетті. Бір мақсатқа жұмылған жанұяның ауызбіршілігі қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Байқау барысында олардың отбасы құндылықтарын дәріптеуі мен ұлттық тәрбиені насихаттауы ерекше әсер қалдырды.
Отбасының ұйытқысы Нұрила Қанатбекқызы жеңістің сыры туралы былай дейді:
«Кез келген жеңістің артында ең алдымен ауызбіршілік пен қажырлы еңбек тұрады. Біздің басты сырымыз – бір-бірімізге деген сенім мен қолдау. Балаларымыздың әр жетістігі бізге қуаныш сыйлайды. Біз әрқашан бір-бірімізді тыңдап, түсінісіп, барлық мәселені ақылдасып шешуге тырысамыз. Отбасындағы сыйластық пен жауапкершілік – табыстың басты кілті».
Шынында да, бұл отбасының жетістігі – ата-ананың өнегелі тәрбиесі мен балалардың талпынысының нәтижесі. Осындай отбасылар қоғамдағы отбасы институтының маңызын арттырып, жастарға дұрыс бағыт береді.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, өнер мен ғылымды қатар серік еткен ауқаттылық бұл отбасы бүгінгі қоғамға үлгі боларлық жанұя.
Камида ТҰТҚАБАЕВА, Мухаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз университетінің 1 курс студенті