Облыстық әкімдіктің мәжіліс залында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтіп, онда өңірдегі егін жинау науқанының өту барысы мен 2026-2027 жылғы мал қыстату кезеңіне қажетті мал азығын дайындау мәселелері қаралды.
Кеңесте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаев баяндама жасап, ауыл шаруашылығы саласындағы биылғы жұмыстардың нәтижелері мен алдағы міндеттерге тоқталды.
Сала басшысының айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы саласын қолдауға жалпы 50 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Оның ішінде субсидиялауға – 36,5 миллиард теңге, «Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату» жобасына – 6,5 миллиард теңге және «Ауыл аманаты» бағдарламасына 7 миллиард теңге бөлінген. Жыл басынан бері өңірдегі 7 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 28,8 миллиард теңге субсидия төленсе, қаржы институттары арқылы 578 агроқұрылымға 12,8 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген.
Биыл облыстағы егіс алқаптарының жалпы көлемі 654,9 мың гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 14,9 мың гектарға ұлғайған. Егіс құрылымында дәнді және дәнді бұршақты дақылдар, майлы дақылдар, қант қызылшасы, картоп, көкөніс, бақша және мал азығы дақылдарының көлемі артқан.
Кеңесте қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Осы бағытта жүгері алқабы 25,6 мың гектарға дейін ұлғайтылып, биыл 179 мың тонна өнім жинау жоспарланып отыр. Сонымен қатар қант қызылшасының егіс көлемі 9,9 мың гектарға жеткізіліп, 450 мың тонна өнім алу межеленген. Жиналған өнім Тараз және Меркі қант зауыттарында өңделмек. Нәтижесінде өңірде шамамен 44 мың тонна қант өндіру көзделіп отыр.
Баяндамашының айтуынша, егін жинау науқанына қажетті материалдық-техникалық база толық дайындалған. Минералды тыңайтқыш енгізу жоспарының 93,8 пайызы орындалған. Күзгі дала жұмыстарына қажетті арзандатылған дизель отыны бөлініп, шаруаларға литріне 288 теңгеден босатылуда.
Бүгінде облыс бойынша 10 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы егін жинау жұмыстарына жұмылдырылған. Қазіргі уақытқа дейін масақты дәнді дақылдардың 257,3 мың гектары орылып, 483,2 мың тонна өнім жиналған. Биылғы орташа өнімділік гектарына 18,8 центнерді құрап, өткен жылғы көрсеткіштен екі еседен астам жоғары болған.
Сонымен қатар картоп, көкөніс және бақша өнімдерін жинау жұмыстары да жоспарға сай жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін 53,8 мың тонна картоп, 195,2 мың тонна көкөніс және 151,6 мың тонна бақша өнімдері жиналған.
Кеңесте алдағы қысқы мал қыстату кезеңіне дайындық мәселесі де кеңінен сөз болды. Биыл облыста 4,1 миллион басқа жуық мал қыстайды деп күтілуде. Осыған байланысты барлық санаттағы шаруашылықтарға қажетті жем-шөп көлемі алдын ала нақтыланып, жалпы 3,3 миллион тонна мал азығын дайындау жоспарланған.
Қазіргі таңда жоспарланған көлемнің басым бөлігі дайындалған. Атап айтқанда, 1,9 миллион тонна пішен, 344,5 мың тонна сабан, 121,9 мың тонна пішендеме және 203,8 мың тонна қоспа жем әзірленген. Мал азығын дайындау жұмыстары қараша айының соңына дейін жалғасады.
Жиын барысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев аудан әкімдері мен жауапты басқармаларға қысқы мал азығын жеткілікті көлемде дайындау жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы басқармасына аудан әкімдіктерімен тығыз байланыста жұмыс істеп, әр аудан бойынша жем-шөп қорын толық қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейтуді қатаң ескертті.
Кеңесті қорытындылаған облыс басшысы егін жинау науқанын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтау, қысқы мал азығын толық дайындау және ауыл шаруашылығы саласындағы барлық жоспарлы көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттер жүктеді.