АПВ-ға қарсы вакцинация – қыздардың денсаулығын қорғаудың тиімді жолы Қазақстан Республикасында адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау жалғасуда. Қазіргі таңда 11 жастағы қыздарға жоспарлы екпе жүргізілсе, сондай-ақ 12–13 жастағы қыздарды толықтыра иммундау шаралары жүзеге асырылуда. 2026 жылғы 1 мамырдағы мәлімет бойынша республика көлемінде 11–13 жас аралығындағы қыздарға АПВ-ға қарсы 398 мыңнан астам профилактикалық екпе жасалды. Оның ішінде 248 мыңы бірінші дозаны, ал 150 мыңы екінші дозаны қабылдаған. Екпе алғандар арасында иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністер тіркелмеген.
Адам папилломасы вирусы жатыр мойны обыры және басқа да онкологиялық аурулардың дамуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан вакцинация – аурудың алдын алудың қауіпсіз әрі тиімді әдістерінің бірі болып табылады.
ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 13 мамырдағы №7 қаулысына сәйкес, 14–17 жас аралығындағы қыздарға (қоса алғанда) АПВ-ға қарсы қосымша вакцинация ерікті негізде жүргізіледі. Бұл шара жасөспірімдерді қосымша қорғауға және онкологиялық аурулардың даму қаупін төмендетуге бағытталған. Вакцинация білім беру ұйымдарының медициналық кабинеттерінде немесе тіркелген мекенжайы бойынша емханаларда, ата-ананың немесе заңды өкілдің ақпараттандырылған келісімі негізінде жүргізіледі.Денсаулық – баға жетпес байлық. Аурудың алдын алу – оны емдеуден әлдеқайда тиімді. Сондықтан вакцинация – болашақ ұрпақ денсаулығын қорғаудағы маңызды қадам.